Әскердегі балаңызды бақылайтын телефон қосымшасы шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскердегі балаңызды бақылайтын телефон қосымшасы шықты

25.02.2025

Сарбаздарға темекі тұқылын жегізген сержант 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Әскери бас прокурордың орынбасары Талғат Бекбергенов осылай деді. Оқиға Ақтөбе гарнизонында болған. Жалпы, қазір Президент тапсырмасына сәйкес сарбаздардың қауіпсіздігіне қатысты бірқатар шаруа атқарылып жатыр.

Мәселен соңғы 3 жылда 56 сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Бұған оларға көрсетілетін қысымның көптігі де себеп болуы мүмкін. Сондықтан қазір әскери бөлімдерге арнайы QR кодтар орнатыла бастады. Оның көмегімен нысандағы кез келген заң бұзушылық туралы анонимді түрде ақпарат беруге болады. Ал офицерлер суицидке баруы мүмкін сарбаздарды ерте анықтау үшін арнайы оқудан өткізіліп жатыр. Ата-аналардың да әскери бөлімнің өміріне еркін араласуына мүмкіндік берілмек.

Тілеухан Басқожаев, Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс Департаментінің бастығы:

Armia.kz деп аталатын мобильді қосымшаны іске қосып жатырмыз. Оның көмегімен сарбаздың ата-анасы кез келген уақытта баласының не істеп жатқанын, қалай тамақтанып жүргенін толық бақылай алады. Офицерлермен, тәрбиешілермен байланыс орнату да жеңілдейді. Сарбаздың бос уақытында ол да бейнеқоңырау шала алады. Қосымшаны өзіміздің сарбаздар дайындап шықты. Барлық платформаларда тегін жұмыс істейді.

Оңғар Алпысбай

Хабарламаларға жазылу