Тараздық 61 жастағы ақсақал 2 мыңға жуық кітапты Брайль қарпінде басып шығарды. 30 жасында жанарынан айырылған Ербол Бегімов мұндай қадамға зағиптар игілігі үшін барған.
Ол - мұндай еңбек авторы атанған аймақтағы алғашқы адам. 20 жылға жуық облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада жұмыс істейді. Қырықтың қырқасынан асқан шақта осындағы тифлокешен, яғни зағиптарға арналған компьютер тілін меңгеріп алған. Сондай-ақ ол көзінде ақауы бар балалар мектеп-интернатында сабақ береді. Бүгінде Брайль баспасының негізін қалаушы бас-аяғы 1800-ге жуық кітапты жарыққа шығарды.
Ербол Бегімов, кітапханашы:
Жайпақ баспалы мәтіндегі кітапты әр парағын сканерден өткізіп, сөйтіп, маған бір папкаға Word нұсқасында жинап береді. Соны сканермен өткізгенде файнридер деген бағдарлама ол жерде қазақ әріптері қ-к болып кетеді, ғ-г болып кетеді. Соның бәрін жөндеп, дұрыстап отыратынмын. Қазір енді электронды нұсқа.
Оның басып шығарған кітабының көбісі - көркем әдебиет туындылары. Әдістемелік оқулықтар да бар. Қария қолы қалт еткенде зағиптарға Брайль қарпінен бөлек, компьютермен жұмыс істеуді үйретеді. Өйткені, олардың қоғамға барынша бейімделіп кетуін қалайды.
Толқын Күзенова, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары:
Ербол Аққайұлының кітапханаға сіңіріп жатқан еңбегі өте зор. Зағип боп туған жандар бар, орта жолда зағип болып қалған жандар бар, бұл кісі соларға көптеген мотивациялық көмек көрсетеді. Тек қана кітап шығарып қана қоймай, «Брайлист» деген өзінің жүргізіп отырған үйірмесі бар. Сол үйірме арқылы көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарып жатыр.
Данияр Әлімқұл
