Алматыда балаларын шетелдің үздік оқу орындарына түсіреміз деп алаяққа алданған ата-аналар соттың созылып кеткеніне наразы. Олар не балаларын оқыта алмай, не құйған қаржысын қайтара алмай жүр. Сан соққан жүздеген ата-ана Ұлттық арнадан көмек сұрады.
Алданғандар «Zeyn QOI» оқу орталығына кемі 1 млн 500 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейін төлеген. Көпшілігі екі жылдан бері ақшасын даулап жүр. Компания шетелде балаларыңыздың тегін оқуына көмектесеміз деп сендірген. Қазір оқу орталығының басшысы күдікті деп танылып, іс сотқа жеткенімен, құжаттар толық емес деген желеумен қайта-қайта кейінге шегеріледі деп ата-аналар шағымданып отыр. Әділдік іздеген жұрт Бостандық аудандық сотына жүгінді.
Лаура Манапова, түлектің анасы:
Сотта біздің құқығымыз бұзылды деп есептеймін. Біздің қорғаушымызды сотқа мүлдем кіргізбей қойды. Сегіз-ақ адам кірді. Сот онлайн өткендіктен, қатыса алмадық. Қатысайын десек, техникалық ақау болды. Біздің сотымызды қайта 8 айға қайтарып тастады.
Роман Селицкий, Бостандық ауданы №2 сотының төрағасы:
Заңнамаға сәйкес аталған заң бұзушылықты анықтау мақсатында іс прокурорға қайтарылды. Соның ішінде арыз түсіріп, бірақ айыптау актісінде табылмаған немесе айыптау актісінде болып, арыз жазбаған жәбірленушілер де бар. Сот шығынға ұшырап, зардап шеккендердің құқығын қалпына келтіреді.
Айдана Қуантхан
