Қазақстан мен Иордания 15 құжатқа қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Иордания 15 құжатқа қол қойды

19.02.2025

Қазақстан мен Иордания саяси ынтымақтастықты тереңдете түспек. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бойынша айқын жоспар бар екенін айтты. Таяу Шығыстағы елге ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Королі II Абдалламен келіссөздер жүргізді. Тараптар атом саласындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге дайын екенін растады. Алыс-берісті көбейту үшін іскерлік кеңестің қызметі жанданбақ. Президент сапары аясында қандай келісімдерге қол қойылды? Қазақстан мен Иордания қарым-қатынасына қалай қарқын берілмек? Әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Тарихы тереңнен тартатын Амман шаһары. Бұл жерде алғашқы қоныстар 10 мың жыл бұрын пайда болған. Түрлі империялардың гүлденуі мен құлдырауын көрген қала. Тіпті Ежелгі Римнің осындай мұрасы қалған. Бүгінде Иордания астанасы әлемдік саясат сахнасында маңызды орын алады. Ал ресми Амман мен Астананың мүдделері бір арнада тоғысады

Иордания – Таяу Шығыстағы тұрақтылық мекені. Айналасын соғыс өрті жиі шарпыса да ел ішіндегі тыныштығын сақтап отыр. Осы ретте жергілікті жұрт Қазақстанның бейбітшілікке үндеген саясатын жоғары бағалайды. Ресми Астананың Сириядағы соғысқа арағайындық жасап, Палестина мәселесінде «екі ел– екі мемлекет» қағидатына қолдау білдіргеніне ерекше мән береді.

Хасан Момани, Иордания университетіндегі стратегиялық зерттеу орталығының директоры:

Палестина Иорданияға географиялық және тарихи тұрғыдан ең жақын мемлекет. Сондықтан бұл мәселе біздің сыртқы саясаттағы басым бағыттардың бірі. Таяу Шығыстағы тұрақтылық – тек осы аймақ үшін ғана емес, Орталық Азия үшін де маңызды. Екі өңір халықтарын діни, тарихи және мәдени құндылықтар байланыстырады. Қазақстан мен Иорданияның бейбітшілікке бағытталған саясаты халықаралық қауымдастық тарапынан да оң бағаланады. Сондықтан екі ел ынтымақтастығы тек дипломатиялық деңгейде ғана емес, сауда-экономика, мәдениет және қауіпсіздік салаларында да қарқынды дамиды деп сенеміз.

Иордания - Таяу Шығыстағы Қазақстанның сенімді серіктесі. Дипломатиялық байланыстың орнағанына 32 жыл. Астана мен Амман арасындағы саяси, мәдени байланыс бекем. Дегенмен соңғы мәрте Қазақстан Президентті Иордан жеріне 16 жыл бұрын келген. Тараптар қарым-қатынасты тереңдетуге бейілді. Президент сапарының негізгі мәні де осында.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Король Президентті Әл-Хусейния сарайында қарсы алып жатыр. 2015 жылы ашылған ғимаратта монарх ең мәртебелі меймандарды күтеді. Бұл жер елдің саяси орталығы ғана емес араб сәулет өнерінің символы. Қос лидер соңғы рет 3 жыл бұрын Біріккен Ұлттар ұйымының алаңында жүздескен.

Таяуда Дональд Трамп шетел басшыларының ішінде алғашқы болып Иордания корольімен кездесіп, босқындар мәселесі бойынша кеңес құрды. Бұл Абдалла екіншінің әлемдегі саяси беделін аңғартады. 63 жастағы монархтың таққа отырғанына ширек ғасыр. Ол Мұхаммед Пайғамбардың 41-ші тікелей ұрпағы саналады. Оксфорд университетінде білім алған және арнайы жасақтарда шыңдалған кәсіби әскер маманы.

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:

Иордания Королі II Абдалла АҚШ-пен, Британиямен басқа да Еуропа елдерімен өте жақын қарым-қатынаста. Бірақ сонымен қатар Иордания королі Мысырмен, Сауд Арабиясымен, араб мемлекеттермен тығыз дипломатиялық саясатын жүргізіп отыр. Тұрақтылықты сақтау үшін өзінің ойып тұрып алатын орны бар. Әсіресе Палестина мәселесінде өте үлкен маңызды орны бар.

Қазақ-Иордан байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін корольге Қазақстанның ең жоғары сыйлығы «Алтын Қыран» ордені табысталды

Президенттің пікірінше, Иордания – бейбітшілікті сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет. Жоғары деңгейдегі кездесуде тараптар халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп.

IІ Абдалла бен Әл-Хусейн, Иордания королі:

Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды. Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік береді деп сенемін.

Кездесуде мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты кеңейтуге де айрықша мән берілді. Тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика мен энергетика және цифрландыру секілді салалардағы әріптестікті арттырмақ. Келіссөздер нәтижесі бойынша 15 құжатқа қол қойылды.

Иордания экономикасы қызмет көрсету мен өндіріске арқа сүйейді. Қазба байлықары көп емес. Тарихи жерлерін тамашалау үшін жыл сайын елге 5-6 миллион турист келеді. Батыспен де шығыспен де тіл табысып, көпвекторлы саясатты жүргізіп келеді. Сарапшының пікірінше қос ел халықаралық дипломатия алаңында бір-бірін толықтыра алады.

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:

Біз Иорданиямен интеллектуалды, идеологиялық салада бірге жұмыс жасай аламыз. Ол қандай салалар. Ол ислам әлемінде қалай тұрақтылықты, зайырлылықты және экономикалық дамуды нығайта аламыз. Араб әлемінің интеллектуалдарымен осы ислам әлемінің келешегіне байланысты үлкен келіссөздер интеллектуалды әңгімелер болуы керек деп ойлаймын. Осы тұрғыда келгенде әрі ашық мемлекет ретінде әрі батыспен қарым-қатынасы бар мемлекет ретінде біздің Қазақстанның халықаралық дипломатиясына сеп болатын, толықтыра алатын маңызды мемлекеттің бірі деп айтуға болады.

Иорданияда уранның мол қоры бар. Әлемде 15 елдің қатарына енеді. Оны игеруге «Қазатомөнеркәсіп» атсалыспақ. Бүгін жергілікті JUMCO компаниясымен барлау бойынша меморандумға қол қойды.

Мейіржан Жүсіпов, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы АҚ-ның басқарма төрағасы:

Бізде уран өндіруге қажеті кәсіби мамандар мен технологияның бәрі бар. Иорданиялықтар бізбен жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Қазір жобаның тиімділігін зерделеп жатырмыз. «Қазатомөнеркәсіп» әлемдегі көшбасшы компанияның бірі ретінде осындай халықаралық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.

Білім саласында да байланыс бар. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 300-ге жуық иорданиялық студент оқып жатыр. Ал Амман университеттерінде Қазақстанның мәдени орталықтары ашылған.

Жангелді Дарханұлы, Иордания университетінің студенті:

Иордания университетінің білім сапасы жоғары деп айтуға болады. Бұл жерде 50 мыңнан астам студент оқып жатыр. Оның 5 мыңы шетелдік студенттер. 50-ге жуық елден келіп оқып жатқан студенттер бар.

Сапар қорытындысы бойынша ел басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады. Мемлекеттер басшылары барлық деңгейдегі жан-жақты диалогты алдағы уақытта да жандандыруға ұмтылыстарын растады. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу