Ташкентте Низами университетінде 70 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкентте Низами университетінде 70 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жұмыс істейді

19.02.2025

Ташкенттегі Низами университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы бар. Өзбекстандағы қазақ мектептері үшін мұғалім мамандар даярлайтын ұжым енді Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен ынтымақтаса жұмыс істемек. Арнайы келісім жасалып жатыр.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Өзбекстанның алты бірдей ЖОО-да қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жұмыс істейді. Олардың екеуі Ташкент пен Шыршықта, төрт университет қазақтар көп қоныстанған Нөкіс пен Науаи шаһарларында. Барлығы осы елдегі қазақ мектептері үшін маман даярлайды. Түлектердің кейбірі Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде де еңбек етіп жүр.

Низами атындағы ұлттық педагогика университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының жұмыс істеп жатқанына 70 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында сан мыңдаған білікті маман түлеп ұшты. Сабақты өз ана тілінде оқитын жастар қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларына қанық.

Жаннұр Амангелдиева, 4 курс студенті:

Төрт жыл бойы білім алдық әртүрлі шараларға, әдеби кештерге қатыстық. Мұның барлығы біздің болашақта таңдаған мамандығымызға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, біліктілігімізді асырды десек болады.

Сонау Кеңес Одағы тұсында ашылған кафедра Қазақстан тәуелсіздігін алған соң жұмысын жаңаша бағытта қайта жаңғыртты. Бүгінде бұл ұжым университеттегі 54 кафедраның арасында үздік ондықтан орын алады. Бес бірдей ғылым докторы мен бірнеше кандидат шыққан. Қазір мұнда 100 студент білім алып жатыр.

Нұржан Абдувалитов, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін мүмкіндігінше интерактивті әдістерді қолдана отырып оқытамыз. Келешекте өзіндік пікірге ие болған, қорытынды шешім қабылдай алатын жастарды тәрбиелеуге бар күшімізді салып жатырмыз.

Мемлекет тарапынан оқу гранты да бөлінген. Бір курстағы 25 студенттің арасында он бала тегін білім алады. Елмен байланысты нығайта түсу мақсатында Түркістандағы Қазақ-түрік университетімен ынтымақтаса жұмыс істеу туралы келісім жасалып жатыр. Келешекте жастар үш жыл осында оқып, қалған бір жылды Қазақстанда оқып бітіреді деген жоспар бар.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу