Интернет алаяқтық деген сұмдық өршіп тұр. Айнала алданған адам. ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметіне қарасақ, былтыр 22 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелді, азаматтардың шығыны 45,5 млрд теңге деп отыр. Қаншасы қайтарылды деп ойлайсыз? 2,5 млрд теңге ғана. Раушан Сайлауқызы кездескен адамдардың қаншаға алданғанын естігенде көзіміз алақандай болды. Анарбек 16 млн теңге, Серіболат 9 млн теңге дейді. Өздері топ құрған, жалпы қарыздары 2 млрд теңгеден асады.
Несие рәсімдегеннен бөлек, алаяқтарға барын бергендер аз емес. Депозиттегі жиғанына дейін, тіпті баспанасына дейін. Көкшетауда 74 жастағы әже пәтерін 18,5 млн теңгеге сатып, ақшаны алаяқтарға аударған.
Бұған тоқтам бола ма, мүмкін бе өзі? Несіне күлбелтелейміз, киберқылмысты ауыздықтау өте қиын екенін ескерсек, «өкімет неге таппайды?» дегеннен пайда шамалы. Шамасы жетпейді.
«Ешкімге сенбе» ұстанымы керек. Бірінші кезекте танымайтын нөмірден түскен қоңырауды мүлде қабылдамау, әлеуметтік желілердегі жарнамаға мүлде сенбеу.Бұл ережені миға шегелеп кіргізу. Екіншіден аяқ астынан мол олжаға кенелу мүмкін емес екенін ұғу. Ешқашан. Әрбір отбасының чаты бар. Мүмкін сонда осы ережелерді күнделікті жазып отыру керек шығар. Алайда өкімет те әрекет қылуы керек. Раушан Сайлауқызы талдайды.
