«Кәсіптің кілті – техника тілін меңгерген маман қолында». Тараздық оқушылар темір дәнекерлеу ісімен танысып, ауыр техникалар жөнделетін арнайы цехты аралады.
Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп оқушыларын Жамбыл индустриалды технологиялық колледж студенттері қарсы алды. Олар 9-сыныпта оқитын жеткіншектерге өз мамандықтары жайлы маңызды мәліметтер айтып, мазмұнды әңгіме өрбітті. Тіпті іс жүзінде темір кесу мен оны дәнекерлеу процесі қалай жүретінін көрсетті. Сондай-ақ құрылысқа қажет экскаватор мен кранның қозғалтқыш бөлшектерін жинау, жөндеу жағын да шолып шықты. Аймақтық «Amanat» партиясы ұйымдастырған ерекше экскурсия оқушылардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын оятты.
Нұрай Кәбдірахмет, оқушы:
Бүгінгі экскурсия қатты ұнады. Біздің Қазақстанда осындай мамандықтар бар екеніне көзіміз жетіп жатыр және де қасымыздағы сыныптастарға бұл мамандықтар өте қатты ұнап жатыр. Бұл техника біздің болашағымызбен тығыз байланысты. Себебі біздің қазіргі барлық жасап жатқан дүниеміз техникада, техниканың қолында. Біз техника арқылы дамимыз.
Рүстем Әбуғали, «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы:
Қазіргі таңда оқушылардың бойында мамандық таңдауға деген және гранты көп мамандыққа түсіп алу деген үрдіс бар. Кейін ол мамандықпен жұмыс істемей жатады. Сондықтан өзі қызықпайтын, қаламайтын мамандықтарға емес, осындай сұранысқа ие, осы мамандықтар арқылы да өзінің күнін көре алатындығын түсіне білді деп ойлаймын.
Данияр Әлімқұл
