Жетісу өңіріне татар ұлтының өкілдері алғаш XIX ғасырдың ортасында көптеп қоныс аудара бастады. 2026 жылы тілі ұқсас, діні бір халықтың Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылына келгеніне 180 жыл толады. Сол кездегі уезді қалаға ең алдымен татар молдалары мен ұстаздары, омарташылар мен ұста-шеберлері көшіп келді. Осы уақыт аралығында бұл елдімекенде солардың бірнеше буын ұрпағы өсіп-өніп, береке-бірлікте тұрып жатыр.
Лепсі музейінің қызметкері Мукарам Хайбуллиннің осындағы татарлардың тарихын түгендеп, қолданған заттарын жинап келе жатқанына қырық жылдан асты. Айтуынша, 1846 жылы татарлар сауда-саттық керуендерімен Лепсіге алғаш келе бастаса, 1858 жылы жаппай көшкен. Негізінен Ресейдің Кемерево аймағынан қоныс аударған. 1500-ге жуық жәдігері бар ауыл музейінде татарлардың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін мұра өте көп.
Мукарам Хайбуллин, Лепсі музейінің қызметкері:
Алғаш көшіп келген молдарлар ислам дінін дәріптеп, төте жазуға үйретсе, кейін білікті ұстаздар латын әліпбиімен оқытты. Сол кездегі ата-бабаларымыз негізінен ауыл шаруашылығына бейім болды. Абузяровтар бал арасының екі үйірін әкеліп, омарташылықты кәсіп етті. Қазір әр үйде омарта бар.
Марат Вишняковтың атасы да, әкесі де ара асырап, бал шайқады. Өзі де мектеп жасынан осы салаға бейім болып, омарташының оқуын бітіріп, өмір бойы әсел өндірумен айналысып келеді. Ала жаздай тау балын жинап, қыс бойы сатып шығады. Дәрілік өсімдіктерден түрлі дертке шипа болатын шай қоспаларын да дайындайды. Омарташы кәсібінің өрге басуына ауылдағы бірлік пен татулықтың септігі тигенін жасырмайды.
Марат Вишняков, омарташы:
Жас уақыттан достарым, көршілердің бәрі қазақ балалары болды ғой. Қазақ балалармен бірге өстік. Қазір қайда барсақ та достарымыз бар. Алматыда, Талдықорғанда деген сияқты. Бірақ бір-бірімізге хабарласып тұрамыз, қонаққа барамыз.
Ал Зульфия Ғалиулина – аспаз. Татардың ұлттық тағамдары пәрәмәш, бәліштен бөлек, қазақтың бауырсағын, орыстың тоқашын да әзірлейді. Той-томалақ, мерекедегі дастархан аспаздың қолынан шыққан дәммен жайнап кетеді. Көрші ауылдардан да тапсырыс түсіп тұрады.
Зульфия Ғалиулина, Лепсі ауылының тұрғыны:
Бір көршіміз - татар, бірі - қазақ, бірі - орыс. Бәріміз араласамыз. Наурыз, масленица, сабантойды бәріміз бірге тойлаймыз.
Лепсі ауылында қазір1100 адам тұрып жатса, олардың жартысына жуығы татар ұлтының өкілі. Екі ғасырға жуық уақытта олардың тілі мен мәдениеті қазақ халқымен біте қайнасып кеткен.
Қуаныш Қанатұлы
