Бүгін Ақ Азиада ойындарының алтыншы күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Ақ Азиада ойындарының алтыншы күні

12.02.2025

Бүгін Ақ Азиада ойындарының алтыншы күні. Қоржынға екі жүлде түсті. Екеуін де шаңғышылар салды. Ал хоккейден әйелдер құрамасы Жапония спортшыларынан жеңіліп қалды. Дегенмен жүлдеге таласуға әлі де мүмкіндік бар. Қытайда жүрген әріптесім Асылбек Данияр бүгінгі күннің ойындарына шолу жасайды.

Асылбек Данияр, тілші:

Бүгін шаңғы жарысынан әйелдер құрамасы қоржынға бірінші жүлдені салды. Командалық эстафетада қыздарымыз Қытайдан 1 минут 25 секундқа қалып қойды. Ал жапон қыздарын басып озды. Бұл сында ел намысын Камилa Елғазинова, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга және Надежда Степашкина қорғады.

Ксения Шалыгина, шаңғы жарысынан Ұлттық құрама мүшесі:

Бүгінгі ауа райы біздің нәтижеге әсер етті. Алға шыққан сәтімізде қар-жел қақ алдымыздан болып, трассаны көру мүмкіндігін төмендетті. Бірақ біз көрсеткішімізге ризамыз. Бірінші кезеңде сәтті бастадық. Қателік Қытай спортшысын тым ұзатып алғанымнан болды деп ойлаймын.

Ал ерлер арасындағы бәсекеде жарыс жолына бірінші шыққан Константин Борцов қарсыластарынан қара үзіп, уақыт көрсеткіші бойынша ұзап кеткен еді. Алайда жарыс соңына қарай ауа райы күрт бұзылып, спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуіне кері әсер етті.

Ски-альпинизмнен аралас жұптық сында Нияз Жанзақов пен Әсем Назырова финалға дейін жеткенімен, жүлде бұйырмады. Отандастарымыз 8-сатыға жайғасты. Бұл спорт түрі Азиада бағдарламасына бірінші рет қосылды. Ски-альпинизм Италияда өтетін Олимпиада бағдарламасына да енген.

Ал хоккейден әйелдер құрамасы топтық кезеңнің кезекті ойынында Жапония құрамасынан 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Қыздар енді кезекті матчты жарыс қожайыны Қытай құрамасына қарсы өткізеді.

Сондай-ақ мәнерлеп сырғанаудан қыздар жекелей сында қысқа бағдарламдан сәтті өтті. Софья Самоделкина 63.31 ұпай жинаса, тағы бір отандасымыз София Фарафонова 45,63 ұпай жинап, 9 орынмен еркін бағдарламаға жолдама алды.

Айза Мамбекова, мәнерлеп сырғанаудан команда басшысы:

Қыздарымыз бүгін керемет өнер көрсетті. Екеуі де бағдарламаларын таза сырғанады. Менің көңілімнен шықты. Олар керемет дайындалған. Негізі қыздарымызды жақсы бағалады деп айтуға болады.

Асылбек Данияр, тілші:

Мұздағы би бағдарламасында өнер көрсеткен Бойсангур Датиаев пен Гауһар Наурызова жарысты 5-орынмен аяқтады. Бұл жұптың этно стильдегі туындыға қойған нөмірі көпшілікті тәнті етті.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу