Жамбыл облысы, Айша бибі ауылының инфрақұрылымы үшін 400 млн теңге жұмсалса да, оның игілігін халық көре алмай келеді. Ауыл тұрғындары қараңғы түссе, май шамның жарығымен отырады.
Ал ауласының алдына дейін келіп тұрған электр жарығы мен газ екі жылдан бері қосылмаған. Ашық-шашық жатқан соң, жарық сымдарын ұры-қары қолды қылған. Жер алып, үй салған тұрғындардың көбі инфрақұрылым қосылмағандықтан көшіп келе алмай отыр.
Әсем Әлімбай, ауыл тұрғыны:
19 ғасырға сәл-сәл қалды ғой. 21 ғасыр болғанымен де газ жоқ, жарық жоқ. Кешкісін мотор жағамыз, әйтеуір лампа қоямыз, телефон жарығымен амалдап отырмыз. Бағаналар тіп-тік тұрады ғой, барлығы құлап жатпайды ғой. Жел тұрғанда бір-екеуі құлады, оның барлығы майысып-майысып тұр. Ол тоқ берілетін болса тендермен, қалай, қайтіп қабылдап алды?
Ал әкімдік тұрғындар әлі толық қоныстанбады дейді. Бас-аяғы 400-ге тарта жер телімі екі жыл бұрын кезекте тұрғандарға берілген. Оның тек жартысы ғана үй салған. Әзірге 60-қа жуық адам өз үйін заңдастырыпты. Сондықтан жақын арада жарық пен жылу желілері қосылмайды деп кесіп айтты. Үш жыл ішінде аумағы 22 шаршы метрден кем болмайтын нысан тұрғызылмаса, жерді мемлекетке қайтаруға міндетті.
Азамат Жұмаділов, Айша бибі ауылдық округі әкімінің орынбасары:
Заң талаптарына сай жоқ дегенде 60%-ға құрылыс жұмыстары біткен жағдайда инфраструктура пайдалануға берілетін болады. Жобамен, шамамен енді бір 2026 жылы берілу керек деп есептеп отырмыз. Әзірге енді үйінің құрылысы, жағдайы келетін болса көмір жағып отыра беруге болады. Келесі тұрған кезектерге берілетін болады алынып, егер құрылыс жұмысын жүргізбесе.
Данияр Әлімқұл
