Жетісу облысында орналасқан «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінде жабайы жануарлардың қысқы санағы өтті. Табиғат қорғаушылары мен құзырлы орган қызметкерлерінің бірлескен шарасында қарақұйрық пен құландардың және арқардың ерекше қорғалатын аймақтағы абсолюттік саны анықталды. Айтуларынша жабайы жануарлар дүниесі жылдан-жылға молайып келеді.
60-қа жуық адам, оннан астам көлікпен таңмен таласа санақты «Бес шатыр» қорғандарынан бастады. Бір-бірінен екі шақырым қашықтықта Шаған кордонына дейінгі аймақты түгел сүзіп шықты. Биылғы аң санау жұмысына алғаш рет мәслихат депуаттары мен қоғам белсенділері де қатысты. Мұндағы мақсат - шынайы ақпарат тарату.
Мұрат Құрбанқұлов, Басши ауылының тұрғыны:
Нақты өз көзіммен көргенім мына жерде жазулы. Біз бұл жерде әділ санақ болсын деп ауыл тұрғыны ретінде қатыстым. 170-тей қарақұйрық шықты алдымыздан. Ұлттық парк аумағында қарақұйрық пен құланның саны едәуір өскені байқалады. 1982 жылы небәрі 38 құлан әкелінсе қазір олардың саны үш мыңнан асты.
Жабайы жануарлар өте сақ келеді. Олар көліктің дауысын бірнеше шақырым жерден ести сала қаша жөнеледі. Мәселен дәл қазір мына жақта біздің көзімізге көрінбесе де, жүзден астам қарақұйрық пен 200-ге жуық құлан жайылып жүр. Ал оларды түсіру және санау үшін инспекторлар дрон қолдануда.
Мамандар Алтынемелде жүздеп еселенген кейбір түз тағысын еліміздегі өзге қорықтар мен резерваттарға жіберіп, санын реттеп келеді. Бұл елімізде құланның популяциясын кеңейтуге үлкен септігін тигізеді.
Дидар Тазабеков, «АЛТЫНЕМЕЛ» МҰТП бас аңтанушысы:
2024 жылдың күзінде 87 құланды басқа жаққа жерсіндіру мақсатында Іле-Балқаш резерватына 43 бас құлан, «Алтын далаға» 24 бас құлан, Созақ орманшылығына 20 бас құлан жібердік.
Қарақұйрақ пен құландардың парк аумағында көбейюіне тағы бір себеп елдегі көліктік инфрақұрылымның дамуы. Жаңадан салынған кейбір автомобиль жолдарында жабайы аңға арналған өткелдер жоқ. Салдарынан олар бір орында айналшықтап қалып қойып жүр.
Қуат Байтұрбаев, «АЛТЫНЕМЕЛ» МҰТП бас директоры:
БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы аңдар өтетін экодәліздердің жобасын әзірлеп жатыр. Оны әкімшілікке береді. Содан ары қарай жұмыстар жалғасады.
Бұл санақ барысында парк аумағында құлан 3 575-ке, қарақұйрық 5 452-ге, ал арқардың 186 басқа жеткені анықталды.
Қуаныш Қанатұлы
