Өскеменде 68 жыл бұрын салынған полигон қазір лық толып, аумағынан асып жатыр. Оны жабу туралы мәселе бұдан 10 жыл бұл көтерілгенімен әлі шешімін таппай келеді. Таудай болып үйілген тұрмыстық қалдықтың жағымсыз иісі мен шашылған қағаз-целофаннан сол маңдағы шағын ауданның тұрғындары зардап шегіп отыр.
Қаладан шығарылған қоқыс Степное кентінің маңындағы полигонға төгіледі.Әр бұта мен қараған ағашқа ілінген ұшқан қағаз бен целофан. Ал маңайы толған бұралқы ит. Тұрғындардың айтуынша, әсіресе жазда қиын.
Жанар Оспанова, Степное кентінің тұрғыны:
Саяжай адамдары тұрып жатыр. Оларға да зиян тиіп жатыр, бізге де зиян тиіп жатыр, жазда терезе ашу деген мүмкін емес. Басқа жерге осындай зауыт салады. Қалдықтарды өңдейтін. Сол зауытты салғаннан кейін 2025-жылдың бірінші қаңтарына дейін көшіріледі деген. Әлі көшірілген жоқ.
Қоқыс полигонын көшіруін атқарушы биліктен сол шағын ауданның тұрғындары талап етіп келе жатқанына 10 жыл болды. Бірақ нақты шешім әлі жоқ. Экологтардың айтуынша, қазір бұл жерде 7 миллион тонна қалдық жиналған. Үсті-үстіне әлі төгіліп жатыр. Өйткені қаланың қоқысын басқа апаратын қосымша полигон жоқ. Сондықтан салаға жауапты мекеме өкідері осы Степное кентімен көршілес Ушанов ауылынан 3 шақырым жердегі бос аумаққа жаңа қоқыс алаңын ашуды жоспарлаған.
Рашид Шерубаев, қалалық ТҮКШ бөілімі басшысының орынбасары:
Өйткені ол учаске қалдықтарды сұрыптау зауытынан қатты алыс емес. Сондықтан өте тиімді болып тұр.
Тиімді болғанымен тұрғындар өз ауылының маңына қоқыс төгуге үзілді-кесілді қарсы. Жыл он екі ай туристері үзілмейтін тұмса табиғат бүліне ме деген үрейде.
Дәурен Молдамсейітов, Ушанов аулының тұрғыны:
Полигон саламыз деген жерлердің барлығы ылғи сайлы таулар таңдалған. Ол сай-тауларда су ағады. Ол су Үлбі өзеніне барып қосылады. Сонда Үлбі өзені мен Өскемен қаласы да зардап шегеді. Бұл экологиялық тұрғыда өте тиімсіз жоба.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жерде тек полигон ғана емес, қоқыс өңдейтін замануи зауыт та салынбақ екен. Бірақ әлі инвестор табылмаған. Сондықтан тұрғындар ауыл маңы қоқыс алаңына айналмай ма деп алаңдаулы.
Олжас Керейхан