Жамбыл облысындағы ірі қожалық иелері қарапайым тұрғындарға қорадағы төрт түлігін таратып беріп жатыр. Осылайша олар аймақта алғаш рет «тауарлық несие» бағдарламасын жүзеге асыруға сеп болды.
Президент Жолдауында мал басын көбейту үшін тауарлы несие берудің тиімді тетіктерін қарастыруды тапсырған еді. Жаңа бағытты жандандыруда Шу ауданындағы «Атай» шаруа қожалығының иесі Сәкен Атаев белсенділік танытты. Ол Абай ауылының екі тұрғынына елу-елу бастан қой берді. Құны 6 млн теңге болатын 100 бас малдың иесі атанған қос азаматтың қуанышында шек жоқ. Олар енді алған малдың 50 пайызын қойды төлдетіп қайтарады. Яғни 50 бас қой үшін 25 қозы береді. Өтеу мерзімі 5 жыл болғанымен бірінші жылы төлем жасамайды.
Қалисұлтан Тілепбергенов, шаруа:
Біз үшін де тиімді, пайдалы болып жатыр. Жәрдемдесетін, қол ұшын беріп, дамуымызға себепкер болып жатқан, өрісіміз кеңейіп жатса, біз де осындай ағаларымызды үлгі тұтып, жәрдемдесуде құдай қаласа бәрі жақсы болады деген сенімдеміз.
Жаңа бағдарлама жұмыссыздықты жоюға, аз қамтылғандарды қолдауға өте тиімді. Ал оған қатысатын қожалық иесі мен шаруаның арасында делдал жоқ. Таңдау мен табыс қос тарап үшін де қолайлы. Тауарлық несиенің тағы бір талабы – малды сақтандыру шартын жасап, кепіл қою көзделген. Бірақ бұл міндеттелмейді, тек екі жақтың келісімімен жүзеге асады. Қойдан бөлек жылқы мен сиырды да бағуға бере алады.
Төлебек Құлекеев, Жамбыл облыстық а/ш басқармасы басшысының орынбасары:
Бірінші кезекте кем дегенде 30 қой немесе 15 сиырдан беріледі. Жыл соңына дейін бізде енді осы бағыт бар. 80-ге жуық келісімшарт жасаймыз деп көздеп отырмыз. 9 осындай ірі операторларды анықтап отырмыз. 4 мың бас қой, 150 басқа жуық сиыр таратамыз деп жоспарлап отырмыз.
Данияр Әлімқұл