Қарағанды облысы Балқаш қаласында дәрігер тапшы. Көпсалалы медициналық мекеме шаһардан бөлек, жақын маңайдағы аудандарға да көмек көрсетеді. Былтыр ауруханаға 30 жас маман келіп, мәселені біршама жеңілдетті. Алайда әлі де бірқатар мамандар керек-ақ. Өңірдегі өзекті мәселені тілшіміз Жандос Бақытұлы тарқатады.
Абибулла Шәкенбай 4 айдан бері травматолог дәрігер болып жұмыс істеп келеді. Жас маман Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясын тәмәмдап, Балқаш қаласында еңбек жолын бастады.
Абибулла Шәкенбай, дәрігер:
Отбасыммен келдім. Әкімшіліктің көмегімен үкіметтен берілетін қаражат берілді. Үймен қамтамасыз етті. Медицинаға түскендегі басты мақсат - баю емес, халыққа қызмет жасау. Қайда барсаңда ол Қазақстанның бір бұрышы болып есептеледі. Сол себепті қай жерде істесең де, өз жұмысыңды абыроймен атқарсаң болды. Кету ойымда жоқ.
Мына ғимараттың қараусыз тұрғанына 30 жылдан астам уақыт болды. Қазір жөндеуден өтіп, 30 жас отбасыларға берілді. Бәрі дәрігер. Мамандар тек Қазақстан аумағынан ғана емес, көршілес елдерден де келген.
Жаңа пәтердің бірі Абибулланың отбасына да бұйырды. Жұбайы да ауруханада акушер-гинеколог болып жұмыс істейді. Жаңа қалада жаңа өмір бастаған жас жұбайларға мемлекет тарапынан 5 миллион теңге көтерме ақы берілген.
Ләззат Садықова, дәрігер:
Басқа жерде жұмыс істеп бастап жатқан соң отбасымыз да, әке-шешеміз де уайымдады. Бірақ бәрі жақсы. Жұмыс барысында барынша көмектеседі, білмегенімді үйретеді. Тәжірбие жинап жатырмыз. Жаңадан үйреніп жатырмыз.
Былтыр көпсалалы ауруханаға 30 жас маман келіп жұмыс істеп жүр. Онымен қоса білім алып жүрген 12 дәрігер биыл қатарға қосылады деп күтілуде. Бұл маман тапшылығын біршама жеңілдетеді, дейді аурухана басшысы.
Серікбол Түсіпбеков, Балқаш қаласы көпсалалы ауруханасының директоры:
Біздің көпсалалы аурухана биылдан бастап көпсалалы аудан аралық аурухана статусына өзгереді. Сол кезде әр маманға көтерме ақы көлемі 5 миллионға өзгереді. Дегенмен тапшы мамандар әлі де бар. Себебі келгендер 3-4 жылдан кейін ірі қалаларға қоныс аударады. Бұл ағымды үрдіс әрқашан жүреді.
Облыс бойынша маман тапшылығы жылдан жылға шешіліп келеді. Десе де әлі 60-тан аса маман жетіспейді. Өңірдегі өзекті мәселені бір жақты ету үшін биыл 419 миллион теңге қаржы бөлінген.
Жандос Бақытұлы