Қосылған құн салығы өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қосылған құн салығы өседі

02.02.2025

Үкіметтің кеңейтілген отырысына байланысты айтатын негізгі мәселе әрине, қосылған құн салығының өсетіні. Қазір 12 процент. Үкімет 20 процентке дейін көтеруді ұсынды. Қолданыстағы заң бойынша бұл салықты жылдық тауар айналымы айлық есептік көрсеткіштің 20 мың еселенген мөлшерін құрайтын сомаға жеткен кәсіпкерлер ғана төлейді.

Биыл ол мөлшер 78 млн 640 мың теңге. Үкіметтің ендігі жоспары - жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге де төлету. Бұл тұстағы кілтипан – қосылған құн салығын бәріміздің төлейтінімізде.

Себебі ҚҚС дегеніміз сатылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасына қосылатын, яғни тұтынушы төлейтін салық. Қарапайым мысал: бір литр айранды 700 теңгеге сатып алдық дейік, оның 12 проценті – 84 теңге - ҚҚС. Осы ақша мемлекеттік бюджетке аударылады.

Үкіметтің отырысынан кейінгі брифинге Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтқанын сөзбе-сөз келтірсек: Егер реформа қазір айтылғандай жүзеге асырылатын болса, онда әрине, атаулы әлеуметтік көмекті арттырамыз. Барлық бюджет қызметкерлеріне жалақыны, сонымен бірге зейнетақыны индекстейміз.

Сонымен бұл салықты түптеп келгенде тұтынушы төлейді деп тұрмыз. Рас, солай. Онда неге кәсіпкерлер «бизнесімді жабамын» деп жатыр? Өйткені тауар мен қызмет бағасы өскеннен сұраныс өспейді. Керісінше, төмендейді. Тіпті кей жағдайда өтпейді.

Алайда Үкімет салықты көбейтпесек, бюджет тапшылығы арта береді, даму туралы айтпаса да болады деп отыр. Бюджет шығысының 40 проценті әлеуметтік салалар. Денсаулық пен білім салалары, бюджетке қарайтын мекемелерде істейтін қызметкерлердің жалақысы, зейнетақы, әскер, құқық қорғау органдары, тағысын тағы.

Сонымен бірге жол салу, жылу қазандықтарын жөндеу сияқты инфрақұрылымдық шығындар және бар. Не керек, ҚҚС қанша процент болатыны және айналым мөлшері бойынша шешім алдағы бір-екі аптада қабылданады.

Тоқсаныншы жылдары халық гиперинфляцияға қыңқ демеді. Себебі бодандықтан құтылдық, тәуелсіз ел боламыз деген тілек бәрінен күшті еді. Ал одан кейін бюджетті ұрламау, тонамау және жұмыс орындары көптеп ашылатын жағдай жасау жайлы тоқтамай айтып келеді. Бұл - бір.

Екіншіден, салықты жақсы көретін адам жоқ шығар, бірақ онсыз болмайтынын бәрі біледі. Мәселе – көлеңкелі экономиканың көлеңкесі зор болмағанында. Түсуі тиіс түсімдердің толық түскенінде. Осы екі тарау шиеленіспегенде ешкім бейәдеп сөз естімеуші еді.

Сонымен ҚҚС төлейтіндер қатарына 300 мыңға жуық салық төлеуші қосылады. Нәтижесінде бюджетке 6-7 трлн теңге қаржы түсуі мүмкін. Сол қаржының дамуға жұмсалатынын көреміз енді.

Раушан Сайлауқызының сараптамасы.


Хабарламаларға жазылу