Жамбылдық шаруалар субсидия қаржысын кері қайтаруға қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық шаруалар субсидия қаржысын кері қайтаруға қарсы

29.01.2025

Аударған ақшасын ала алмай әлек. Жамбылдың агро саласына жауапты шенділер шаруаларға берген 400 млн теңгеге жуық субсидия қаржысын кері қайтаруды талап етіп отыр. Көмек қаржы кәсіпкерлерге мал басын асылдандыру үшін 4 жыл бұрын бөлінген.

Аймақта ата кәсіппен айналысып, мал ұстаған 189 шаруа бір апта бұрын ауыл шаруашылығы басқармасынан хат алады. Мазмұнында мал басын асылдандыру мақсатында 4 жыл бұрын берілген қаржыны қайтару туралы жазылған. Аймақтағы ревизиялық комиссия оларға берілген 377 млн теңгені негізсіз деп тапқан. Шалғайдағы шаруаның бірі Есбол Әкетаев 16 мың бас саулық үшін 65 млн теңге алған. Заңды берілгендіктен, кері қайтармаймын дейді.

Есбол Әкетаев, шаруа қожалық басшысы:

Бұл деген бізді мазақ қылып отыр ғой. Жылда істеп жүрген шаруашылықтар. Барлығында ИСЖ, ИАС бағдарламаларында малдары тіркелген. Не керек енді оларға? Бәрін тексеретін болса, ветеринариядан барып тексерсін. Барлық тізімі тұр. Малы орнында тұр. Жыл 12 ай көшеді кетеді. Тасымалдау, дизель, бензиннің қанша қымбаттап жатқанын ескеріп жатқан жоқ. Санайтын болсақ, ол ақша түкке тұрмай қалады.
Тексеруші тарап субсидия беру тәртібінің бұзылғанын анықтаған. Заңдылығы бойынша құжат қабылдау уақыты сол жылдың 20 желтоқсанында аяқталуы тиіс болған. Алайда шаруаларға айдың соңына дейін өтінім беруге рұқсат беріліп, «Қолдау» жүйесі арқылы құжаттары қабылданады. Өйткені пандемия салдарынан субсидия сұраған ел өтінім беріп үлгермеген.

Нұралы Еркебаев, Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Ауыл шаруашылық министрінің хаты бар. Заявкаларын бере алмаған шаруалар үлгеруі үшін 25-31 желтоқсан арасында қабылдау рұқсат етілген деген.  Ауылшаруашылық басқармасының берген өтінімінің кемшілігі жоқ. Шаруалардың ешқандай құқығы бұзылған жоқ.
Кәсіпкерлер палатасында шаруалар мәселесі бүге-шүгесіне дейін қаралды. Ревизиялық комиссия тарапы сұқбат беруден бас тартты. Ал прокуратура шаруалардың жағында болып, қаржы қайтаруға жатпайды деді.
Абай Алтаев, облыс прокурорының аға көмекшісі:

Процедуралық моменттері бар. Дегенмен бүгінгі күнде ол шаруалардың оған кінәсі жоқ қой. Шаруалар ол жұмыс атқарып жатқан адам, мысалы. Ол бәрін түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан біз ол ақшаны, мысалы, қайтадан олардан қайтарып алуды тиімсіз деп және заңсыз деп таныдық.
Енді шаруаларды дүрліктіріп, қаржыны қайтару туралы шешім шығарған комиссия мүшелері тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін. Айта кетейік, биыл өңір шаруалары үшін 22 млрд теңгеден астам субсидия бөлінген. Оның 5 млрд-ы мал баққан ағайынға берілмек.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу