Астанадағы LRT құрылысы биыл жазда аяқталады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Әкімнің сөзінше, алғашқы пойыздар елордаға күзде жеткізіледі. Бірақ алдымен тестілеу сынақтары жүргізіледі. Жиында Президент елордадағы көлік кептелісі мәселесіне тоқталып, қала әкіміне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық көлікті дамыту мәселелеріне баса назар аударылып отыр. Қалалық маршруттарға күн сайын 1600-ден астам автобус шығады, қоғамдық көлік паркі 45 пайызға жаңартылған. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін бақылау мақсатында жасанды интеллектінің мүмкіндіктері де пайдаланылмақ.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
2024 жылы қаланың бас жоспары бекітілді. 2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны 2,5 млн дейін артады деп болжамдап отырмыз. Қолайлы мегаполис қалыптастыру мақсатында бас жоспарға сәйкес, алдағы 10 жыл ішінде 120 мектеп, 170 балабақша 50 ден көп денсаулық сақтау нысандары салу көзделген.
Раушан Сайлауқызы