Балқаш қаласында жылдан жылға оқушылар саны көбейіп келеді. Алайда қалада соңғы 15 жылда бірде-бір мектеп салынбаған. Салдарынан мектептерде орын тапшы.
Өңірде дәл қазір 16 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның екеуінде орын жетіспеушілігі бар. Мәселен, мың оқушыға шақталған білім мекемелерінде 1450 балаға дейін оқуға мәжбүр. Қазір жаңа жайлы мектеп құрылысы толығымен аяқталды. Алайда ата-аналар қала шетіндегі мектепке балаларын ауыстыруға қарсы. Сол себепті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Сайлаугүл Сыздықова, Әл-Фараби атындағы жалпы білім беру мектебінің директоры:
Ата-аналармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Шет жақтан келіп оқитын балалар да бар. Сол мектепке ауысу жағдайын қазір толықтай талқылап жатырмыз. Бүгінгі таңда біраз бала ауысамын деп отыр.
Ал жаңа мектеп қолданысқа дайын. Қазір құжаттары реттелуде. 900 балаға шақталған білім ордасы мәселені бірнеше жылға болсын реттейді, дейді жауаптылар.
Қарлығаш Дүбірбекова, Балқаш қаласы білім бөлімінің басшысы:
Нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеп жатырмыз. Сол 12 параметрден өткеннен кейін білім сапасын қамтамасыз ететін 1 мен 11 сыныпқа дейін оқытуға лицензия алатын боламыз. Жоспарымыз бойынша биылғы 2024-2025 оқу жылында деп отырмыз.
Жандос Бақытұлы