Есту қабілеті нашар балаларға - мамандар тапшы

Туғаннан саңырау балаларға күрделі операцияны қазір отандық дәрігелер жасайды. Алайда елімізде соңғы жылдары тілі мүкіс, құлағы дұрыс естімейтін сәбилердің саны күрт көбейіп барады. Тек Шығыс Қазақстанның өзінде қазір 303 бала диспансерлік есепте тұр. Ал баласына операция жасатып кохлеарлы имплант қойдырған ата-аналарды арнайы оңалату орталығы мен кәсіби сурдопедагогтардың жоқтығы алаңдатып отыр.
Әрбір әріпті ежіктеп оқып отырған Аделина екі құлағы да саңырау болып туған. Үш жасқа толғанда ата-анасы шет елде 10 миллион теңгеге ота жасатып, кохлеарлы имплант қойдырады. Қазір денсаулығы оңалып келеді.
Валентина Айдарова, оңалту орталығының жетекшісі:
Қызымызға жасалған отадан соң ең жауапты кезең болатынын біз бастапқыда білмедік. Өйткені имплант қойғанмен суығып, құлағы естіп кетуі тікелей оңалтуға байланысты екен. Ал біздің қалада мұндай орталық жоқ. Сондықтан ойлана келе өзіміз аштық. Қазір біздің орталыққа 80-ге жуық бала келеді. Ендігі мәселе сурдопедагогтың жоқтығы.
Өскемендегі университетте сурдопедагог даярлайды. Алайда диплом алған жас мамандардың бұл салада еңбек ететіні ілеуде біреу. Өйткені бір балаға, бір дыбысты құлағына толық сіңіріп, оған тілін келтіруге қыруар еңбек пен темірдей төзім қажет.
Айкүн Аянабаева жоғарғы оқу орнында сурдопедагог мамандығын алған соң Ресейде арнайы крус оқыған. Қазір екі тілде сабақ бере алатын Өскемендегі жалғыз маман. Алайда жас маманды мемлекеттік тілде жазылған методиканың жоқтығы қынжылтады.
Айкүн Аянабаева, сурдопедагог:
Қазақ тілінде методикалар жоқ. Жалпы, студент кезіміздегі орысша мағұлматтарды алып, өз тілімізге аударып білім алғанбыз. Себебі жалпы Қазақстан бойынша логопедия ғана қарқынды дамыды да, ал біздің мамандық шетте қала берді. Операциядан кейін ең қажетті маман осы балаларға дәл сурдопедагогтар.
Ең қажетті маман болса да, оларды даярлаудың әлі толық методикасы жоқ. Ал құлағына ота жасалып имплант құрылғысы қойылған балалардың ата-анасы қызметі қанша қымбат болса да ақылы сурдопедагогтарға жүгінеді. Арнайы мамандардың бір рет сабақ беруі қазір 5 мыңнан 55 мың теңге аралығында.
Татьяна Ким, қала тұрғыны:
Егер бала кішкентай болса, тек орталықта ғана емес, үйде де күнделікті оқу керек. Сонда нәтиже болады. Жаңа дыбыстарды естиді. Ал оңалту орталығында баланың мінез-құлқы да өзгеріп жақсарады.
Дәрігерлер соңғы жылдары нәрестелердің құрсақтан саңырау туатынына алаңдаулы. Дегенмен күрделі отаны қазір отандық мамандар жасайды. Саны да көбейіп келеді.
Тек Шығыс Қазақстанда 2022 жылы 3 ота, 2023 жылы 20, 2024 жылы 30 ота жасалған. Биыл тағы 30 сәбиге ота жоспарланып отыр. Ал қазір өңірде құлағы дұрыс естімейтін 303 бала диспансерлік есепте тұр.
Жанна Хамитова, балалардың бас сурдологы:
Ең негізгі мәселе - оңалту. Оны біз айтамыз. Мысалы, 100 пайыздан алсақ, сурдопедагогтың жұмысы 20 пайыз болады. Әке-шешенің жұмысы 80 пайыз болады. Сонда жақсы нәтиже береді. Жақсы нәтиже беру үшін баламен қарым-қатынаста көп адам болуы керек.
Көп адаммен сөйлескен сайын баланың есту қабілеті қалыптасып, тілі де жаттыға береді. Сондықтан мамандар оңлату орталықтары мен сурдо мамандарға арналған методиканы мемлекет дереу қолға алу керек деп отыр.
Олжас Керейхан
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
