Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтудың маңызы туралы айтқан еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет арнайы бағдарлама да әзірлеген. Әсіресе өндіріс орындарын ашуға арналған ауқымды жобалар еңбекпен қамту мәселесін оңтайлы шешуге сеп. Мысалы, Қостанайдағы іргетасы осыдан екі жыл бұрын қаланған «Кia» зауыты 1500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын құрылысы кестеге сай жүріп жатыр. Қазір мұндағы төрт цехтың екеуі салынып бітті. Дайын цехтарға қажетті құрылғылардың 70 пайызы орнатылған. Құны 250 млн АҚШ доллары тұратын бұл жобаны Оңтүстік Кореялық инвесторлар қаржыландырып отыр.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
Шілде айында пилоттық режимде зауыт іске қосылады. Толығымен күзге қарай жұмыс істейді. Инвесторлар қажетті қаражатпен қамтамасыз етіп отыр. Үкімет тарапынан да көмек көп.
Дәуренбек Әбдібек
