Үйдің есігін қашықтан ашатын қосымша. Әу баста алты мың доллармен басталған IT-жоба бүгінде шет елдерден миллиондап инвестиция тартып жатыр. Қазақстандық стартапшы ойлап тапқан мобильді қосымшаның өзге де артықшылықтары туралы Қаракөз Тұрмағанбеттің материалында.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
Bluetooth, пинкод, QR код арқылы ашылатын ақылды құлып мынадай мобильді қосымшаға байланған. Қазақстандық IT-стартаперлер ойлап тапқан бұл жобаның бір артықшылығы, пәтер иесімен сіз онлайн келісімшартқа отыра аласыз.
Дүниежүзінің кез келген нүктесінде отырып, осылай оп-оңай есікті ашатын мобильді қосымша Қазақстанда eGov арқылы жұмыс істейді. Алаяқтық әрекеттерден мейлінше қорғалған, дейді сервис өкілі.
Әлихан Көшербаев, ApartX жобасының техникалық бақылау жөніндегі басшысы:
Пәтерді жалға беруші мен алушының ортасында жалған фото, басқа адам ондай онлайн келісім өте алмайды. Себебі бұл бәрі eGov-қа байланған. Жүз пайыз қауіпсіз қызмет, өйткені олар видео верификация өтеді настоящий қазіргі моментте өздерінің түрлерін сканировать етеді.
Ақылды құлыптарды басқаратын ApartX бағдарламасы – ТМД елдері арасындағы теңдессіз шешім. Мобильді қосымша бүгінде Қытайда жасап шығарылатын ақылды құлыптардың 80%-на қосыла алады. Құрылғыны бес-ақ минутта орнатуға болады. IT-жоба тұрғын үй немесе қонақ үй бизнесі саласына арналған.
Қанат Келдібеков, ApartX жобасының авторы, басшысы:
Пәтерді жалға алатын клиент кілтке тәуелді болмайды. 5 минуттың ішінде баспана мәселесін шешеді. Ал пәтерін жалға беруші делдалсыз жұмыс істеп, 60 пайызға дейін қаржысын үнемдейді.
Арман Төреғожин, бизнес-девелопер:
Құлыпты ашып-жабумен қоса, клиенттердің келіп-кеткен уақытын қадағалай аласыз. Суреттер мен бейнежазбаларды жүктеу арқылы үйді тазалау, жинау қызметі сияқты жұмыстарды қашықтан басқара аласыз.
Бұл платформа Қазақстандағы тұрғын үй нарығының делдалсыз жұмыс істеуіне үлкен үлес қосып отыр. Өзбекстанда да қолданушылары көп.
Қыркүйек айынан бері Қытайдағы девелоперлік компаниялармен келісімшартқа отырып, екі пилоттық жобаны іске қосқан. IT-жоба 3 жылдың ішінде 520 мың АҚШ доллары мөлшерінде пайда тапқан және табыс көлемі жылдан-жылға артып келеді. Сондай-ақ қазақстандық стартапқа былтыр сингапурлық инвестор 2 млн доллар құйғанын айта кетейік. Теңдессіз мобильді қосымша биыл Малайзия сияқты тұрғын үй нарығы қарқынды дамып келе жатқан Оңтүстік-Азия елдерінде де қызмет көрсетпек.
Қаракөз Тұрмағанбет