Алдағы сейсенбіде Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Мұндай дәстүрлі жиында не істеліп, істелмегенін айтады, сосын тапсырма беріледі. Ресми тілмен айтсақ, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады. Былтырғы жиында жаңа Премьер-министр тағайындалып, Үкімет қайтадан жасақталғаны мәлім.
Президент міндеттерді санамалағанда «Негізгі мақсат – баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз» деген. Былтырғы 11 айда ЖІӨ 4,4 пайызды құрағаны мәлім. Ал желтоқсанда Ұлттық банк Халықаралық валюта қорына сілтеме жасап, биылғы болжам 5,5 пайызды құрайды деді.
«Алдағы міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзырет берілген. Алайда бұл мүмкіндіктер көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатады. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кетті. Мұндайды доғару керек» деген де болатын. Осы аптада Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев қазіргі ахуалды сипаттай отырып, адамдардың табысы анау айтқандай өсіп жатпағанын, тауардың бағасы көтерілген үстіне көтеріліп жатқанын айтты. Ылғи солай болуы керек, дегенмен әсіресе мұндай ситуацияда әрбір теңгенің орнымен жұмсалуы қаншалықты маңызды екенін айту артық.
Ал сарапшылардың айтуынша кейбір мәліметтер бойынша мемлекеттік бюджеттің әрбір алтыншы теңгесі жемқорлық транзакцияларымен байланысты болуы мүмкін. Тақырыпты Раушан Сайлауқызы талдайды.
Раушан Сайлауқызы