11 күн бойы жер жаһан назарын өзіне аударған Туриндегі 32-ші Қысқы Универсиада аяқталды. Байрақты бәсекеде 60-қа жуық елден 2 мыңнан аса келген қатысушы 11 спорт түрінен 96 медаль жиынтығын сарапқа салды. Олардың арасында 10 спорт түрінде бақ сынаған қазақ елінің атлеттері бар. Қазақстандық спортшылар 3 алтын, 4 күміс және 7 қола жүлдемен жалпы командалық есепте Универсиаданы 12-орынмен қорытындылады.
Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапынан фристайлдың могул бәсекесінде Анастасия Городко 2 алтын алса, Аяулым Әміренова мен Антон Бондарев күміс жүлде еншіледі.
Сонымен қатар парашаңғышы Денис Зенов екі күміс алса, Рустам Курбанов та екі қолаға қол созды. Жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінгендер қатарында биатлоншылар Арина Крюкова мен Кирилл Бауэр, мәнерлеп сырғанау шебері София Самоделкина, шорт-тректен аралас командалық және ерлер арасындағы эстафетада үшінші орын алды. Бұл – жүлделер саны бойынша Алматыдағы Унвиерсиададан кейінгі жоғарғы көрсеткіш.
Алатау бөктерінде 36 медаль алғанбыз. Жабылу рәсімінде Халықаралық студенттер спорт одағының президенті Леонц Эдер «Италия саған алғыс айтамын! Рахмет атлеттер мен еріктілер және бапкерлер!» деп ұйымдастыру алқасына ерекше зор ықыласын білдірді.
Телжан Күдеров