Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мемлекеттің жаңадан тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Олардың қатарында Кипр, Жапония, Қытай, Аустрия, Буркина-Фасо, Лаос, Жаңа Зеландия мен Дания және Словения елдерінің дипломаттары бар. Ресми рәсім барысында Президент Қазақстанның бейбітсүйгіш саясат ұстанатынын және Қазақстан нарығы экономикалық ынтымаққа ашық екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Біріккен Ұлттар Ұйымында, жаһандық және өңірлік деңгейдегі тыныштық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бейбітсүйгіш саясатын ұстанамыз. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты бағдары. Қазақстан әлемдік ауқымдағы іс-шаралар мен кездесулерге ұйытқы бола отырып, халықаралық аренадағы белсенді ойыншыға айналды. Бұл өзара қарым-қатынасты нығайтатыны анық.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған елшісі Хань Чуньлиньді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық ынтымақты одан әрі тереңдетуге айрықша мән беретінін айтты. Ал Хань Чуньлинь Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемін жеткізіп, екі ел арасындағы мәңгі стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.
Хань Чуньлинь, Қытай Халық Республикасының елшісі:
Соңғы жылдары біздің стратегиялық қарым-қатынасымыз қарқынды дамып жатыр. Оған қос ел басшылары үлкен үлес қосты. Саяси сенім артып, мемлекеттер арасындағы байланыс пен халықтар арасындағы қарым-қатынас бекіді. Қазақстанға Қытай елшісі болып келу мен үшін үлкен құрмет. Қызметім барысында стратегиялық байланысымызды арттыруға күш саламын.
Шерхан Жамбылұлы