Турин-2025: Қысқы универсиадада Қазақстан намысын 103 спортшы қорғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Турин-2025: Қысқы универсиадада Қазақстан намысын 103 спортшы қорғайды

08.01.2025

Италияның Турин қаласында өтетін Қысқы Универсиадада, Қазақстан құрамасының туын ұстап шығатын спортшылардың есімі белгілі. Олардың бірі - Аяулым Әміренова. Фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдарын еншілеген. Ал Абылайхан Сүлейменов - Қазақстан хоккейінің жарқын жұлдызы, «Номад» командасының ойыншысы.

Қаңтардың 13-і мен 23-і аралығында өтетін дүбірлі додада бас-аяғы 103 спортшымыз ел намысын қорғайды. Осымен 32-ші рет ұйымдастырылып жатқан Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға атлеттеріміз 10 спорт түрі бойынша қатысады. Атап айтсақ, биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғы спорты, ерлер мен әйелдер хоккейі. Сондай-ақ биыл алғаш рет жарыс бағдарламасына енгізілген пара шаңғы бойынша екі атлетіміз сынға түсетінін айта кетейік. Туриндегі Қысқы Универсиадаға 57 елдің 17 мен 25 жас аралығындағы 2 мыңдай студент-спортшысы қатысады. 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарын «QAZSPORT» телеарнасы көрсетеді. Дүбірлі доданың ашылу салтанатын 13 қаңтарда сағат 23:30-да «QAZSPORT-тың» тікелей эфирінен тамашалай аласыз.

Қаракөз Тұрмағамбет


Хабарламаларға жазылу