Сарапшылар: Қазақстан әуе апатын тергеу кезінде халықаралық талапты сақтады
Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде Қазақстан барлық халықаралық талапты сақтай отырып жұмыс істеді. Отандық сарапшылардың пікірі осындай. Әрі «қара жәшікті» бразилиялық мамандарға тапсыру дұрыс әрі әділ шешім болғанын айтады. Бұл жаһандық қауымдастық алдында еліміздің ұстанымы ашық әрі бейтарап екенін көрсетеді, дейді сарапшылар.
Сарапшылар: Қазақстан әуе апатын тергеу кезінде барлық халықаралық талапты сақтады
Ақтауға қарай бет алған Әзербайжан ұшағын Қазақстан тарапы қарсы алуға дайын болды. Әуежайға хабарлама жеткен бойда дереу құтқару жасағы мен медициналық топ құрылды. Ал жолаушылардың амандығы үшін құтқарушылар жан аямады. Ел тұрғындары да шетте қалған жоқ. Бір топ азамат қан тапсыру үшін кезекте тұрды. Әзербайжан елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойғандардың да қарасы қалың болды.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті:
Тағы бір жарылыс болып, ұшақтың басқа бөлігі жанып кетуі мүмкін еді. Соған қарамастан құтқарушылар жанқиярлықпен нағыз ерлік көрсетті. Дәрігерлердің де еңбегі орасан. Қазақстандық бауырларымыздың жанашырлығы мен қолдауы әзербайжан халқының жүрегінде мәңгі сақталады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған үкіметтік комиссия оқиға орнына дереу жетті. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық қажетті шара шұғыл қабылданды. Астанадан Ақтауға бір топ медицина мамандары жіберілді. Ал тергеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Әзербайжан мен Ресей сарапшылары да жұмылдырылды.
Ерғазы Жолдасов, авиация саласының сарапшысы:
Бұл - халықаралық дәрежеде бірінші рет болып жатқан жайт. Басқа елдің ұшағы біздің елге ұшып жатқаннан кейін тексеріс халықаралық дәрежеде өтеді деп ойлаймын. Барлық министрлік жұмылып, қауіпсіздік мәселесін қарап, бір жүйеге келіп жатыр.
Чикаго конвенциясына сәйкес, қара жәшікті қай елде ашып оқуды ұшақ апатына тергеу жүргізетін ел шешеді. Ал Қазақстан бұл конвенцияны 1992 жылы қабылдаған. Әрі халықаралық азаматтық авиация ұйымының мүшесі. Осы ретте еліміз Әзербайжан және Ресей сарапшыларымен кеңесіп, қара жәшіктерді Бразилиядағы CENIPA зерттеу орталығына жіберуді ұйғарды. Апатқа ұшыраған Embraer ұшағы да осы елде шығарылған. Сарапшылар бұл шешімді қолдап отыр.
Айбар Олжай, сарапшы:
Қазақстан бәрін халықаралық стандартқа сай істеді. Егер бұл істе басқа да бір елдердің мүддесі болса, өзінде апат болған мемлекет оны халықаралық тәуелсіз сарапшыларға беруі керек. Осы арқылы Қазақстан тарапына халықаралық қауымдастықтан ешқандай сұрақ болмайды. Және Әзербайжан тарапы да біздің бұл сөзімізді қолдап отыр.
Яғни, бұл еліміздің күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, дербес шешім қабылдай алатынын әрі сенімді серіктес бола алатынын білдіреді, дейді сарапшылар.
Әрі Әзербайжан мен Ресей арасында бейтарап делдал бола алатынын көрсетті деп отыр.
Айя Мүтәлі
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
