2024 жылдың басты саяси оқиғалары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2024 жылдың басты саяси оқиғалары

26.12.2024

2024 жыл – Қазақстанның саяси сахнасында елеулі оқиғаларға толы жыл болды. Елдің ішкі және сыртқы саясатында маңызды қадамдар жасалып, тарихи шешімдер қабылданды. Халықаралық жиындар мен науқандар, ауыс-түйістер. Өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларын тілшіміз шолып шықты.

Жыл басы Үкіметтегі ауыс-түйістен басталды. Әлихан Смайловтың орнына премьер-министр болып Олжас Бектенов тағайындалды. Жаңа министрлер кабинетіне Президент пайдасыз презентациялар мен жөнсіз жиындарды доғарып, іс жүзінде нәтиже көрсетуді тапсырған.

Ал, Наурыз айында Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Жиында саяси реформалар, жергілікті басқаруды жетілдіру және ауыл аймақтарды дамыту сынды мәселелер қарастырылды.

Басқосуда 100-ден астам ұсыныс айтылды. Үшінші құрылтайдың қорытындысы бойынша 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданды.

Биыл Астанаға шетел президенттері жиі қонақ болды. Шілдеде ауқымды жиын - Шанхай  Ынтымақтастық Ұйымы мемлекет басшыларының саммиті өтті.

Бұл жиында Беларусьтің ұйым құрамына кіруі ресми түрде бекітіліп, есірткіге қарсы және энергетикалық ынтымақтастық стратегиялары мен саммиттің басты құжаты – Астана декларациясы қабылданды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айында халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауы - Әділетті Қазақстан құру жолындағы басты бағыттарды айқындады. Мемлекет басшысы заң үстемдігін нығайту, экономикалық өсуді жеделдету және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Ал, қазан айында жылдың басты саяси науқаны - референдум өтті.

Ел тұрғындары Атом стансасының құрылысына қатысты таңдауын жасады. Референдумға халықтың 63 пайызы қатысып, оның 71 пайызы АЭС салуды қолдады.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

Жай ғана шешім халықпен ақылдаспай бірден шығарылған жағдайда мүмкін халық көптеген сұрақтарға жауап таба алмайтын еді. Немесе бұл сұрақтарға жауап ізденбейтін де еді. Бірақ осындай референдум жарияланғаннан кейін, халық барып дауыс беруге міндетті болғаннан кейін осы сұраққа жауап іздеуге және менің ойымша осы сұраққа жауап тапқаннан кейін, референдумда дауыс берді деп ойлаймын.

Қарашаның аяғында Астанада тағы да президенттер бас қосты. Бұл жолы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті өтті. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әскери ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Қазақстан ұйым аясында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бастамаларын ұсынды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу