Президент Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды

13.12.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына сапары бүгін Қаратал ауданында жалғасты. Бірнеше ауыл, әлеуметтік нысанды аралап, тұрғындармен тілдесті. Биыл облыстың шалғай ауылдарындағы бес мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, сегіз клуб жаңадан салынған. 15 шағын спорт нысаны ашылды. 

Бұл – Ескелді ауылында биыл ашылған жаңа мәдениет үйі. Балалар үшін мұнда домбыра, би, ән және басқа да үйірмелер жұмыс істейді. Дарынды балалар Мемлекет басшысын өнер шашуымен қарсы алды.

Жансая Талғатқызы: 

Мен осы тақпақты екі күнде жаттадым. Түрлі үйірмелерге қатысамын. 

Алып ауылдан шығады. Ата-әжесінің тәрбиесін көрген Мейіржан Сапарғали төрт жасында мектеп табалдырығын аттаған. Қазір он үште, тоғызыншы сынып оқиды. Ол оқуда ғана емес өнерде де үздік. Қолына қара домбыра алса күмбірлеп қоя береді. Ал мәдениет үйінің ашылуы оның өнерін шыңдай түскен.

Мейіржан Сапарғали:

Бұрында мәдениет үйі жоқ болған кезде біздің мұғаліміміз бір жерлерге шақырып, дайындайтын. Мәдениет үйі салынғалы бері осы жақта дайындалып жүрміз.

Жалпы Ескелді ауылдық округінде үш мың екі жүзге жуық тұрғын бар. Оның жеті жүзден астамы жастар. Болашақ буынды бұқаралық спортқа баулу үшін арнайы спорт кешені де ашылған.

Ермек Торғаев, Қаратал ауданы балалар мен жастар спорт мектебінің директоры:

Зал волейбол, баскетбол, шағын футбол және стритбол сынды спорт түрлеріне арналған. Екінші қабатында күрес залы бар. Бұл спорт кешені үлкендерге де жұмыс жасайды. Кешкі жетіге дейін біздің оқушыларымыз айналысады. Кешкі жетіден кейін ауылдың жастары, үлкендері келіп, спортпен шұғылдана алады.

Ал бұл Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектеп. Білім ошағына 1995 жылы қаламгердің есімі берілген. Тағы екі жылдан соң оның тұтынған заттары, фотосуреттері, құжаттары мен кітаптары қойылған мұражай ашылды. Білім ошағына келген Президентке жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған зияткерлік ойын және повестерінің желісі бойынша шағын қойылым көрсетілді.

Бұдан соң Мемлекет басшысы аудандық қорғаныс істері бөліміне келді. 1983 жылы салынған нысан биыл күрделі жөндеуден өткен. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Президентке Smart-әскери комиссариат жобасы туралы баяндады. Жаңа бастамаға сәйкес, жыл сайын 17 жастағы 160 мыңнан аса жасөспірім автоматты түрде әскери есепке алынады. Бүгін де осы жерден 20 азамат әскер қатарына аттануға дайын тұр. Қасым Жомарт Тоқаев Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып келуге тілектестік білдірді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Жалпы Жетісу жұртының саны Жеті жүз мыңға жуықтайды. Оның жартысынан астамы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан шалғайдағы жобаларға да ерекше басымдық беріліп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі тың бастамаларды құптады. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтап, тиісті жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу