Президент Astana Hub технопаркіне барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Astana Hub технопаркіне барды

11.12.2024

Қазақстанда алдағы 5 жылда 1 млн адамды жасанды интеллект технологиясына оқыту көзделіп отыр. Елдегі цифрлық даму және жасанды интеллектті енгізу жұмысымен танысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа осындай мәлімет берілді. Осы мақсатта ендігі жылы «AIem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылмақ. Ал Мемлекет басшысы қазақ тілінің мультимодальды тілдік моделін жасау міндетін жүктеді.

Президент алдымен AIem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасымен танысты. Жоспар бойынша оның жанынан Tomorrow School және Tumo Education мектептері ашылмақ. Қазірдің өзінде Tomorrow School Астана Хаб базасында сынақ режимінде студенттерді оқыту үстінде. Соның бірі – химия пәнінің мұғалімі Әйгерім Оңалбаева. Қазір іріктеу кезеңінен өтіп жатыр.

Әйгерім Оңалбаева, Tomorrow school студенті:

Жасанды интеллектіні жақсы үйреніп алып жатсам, әлеуметтік мәселелерді шешуге қолдансам ба деген ниетім бар. Менің мамандығым мұғалім болғандықтан, оқыту процесстерін қалай жақсартуға, жеңілдетуге болады, соған қолдануға тырысып көрем.

Данияр Қайыртай, тілші:

Tomorrow school мектебінде жасанды интеллектіні үйренгісі келетін кез келген адам білім ала алады. Қазір мұнда 230 студент оқып жатыр. Ал мына EXPO шарында ендігі жылы жасанды интеллект орталығы ашылғанда жыл сайын 1 мың студент оқытылып отырмақ.

Ал жалпы ел бойынша алдағы 5 жылда 1 млн адамды жасанды интеллект технологиясына оқыту көзделіп отыр.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Біздің болжамымыз бойынша 500 мың – мектеп оқушылары, 300 мың – студенттер, 90 мың – мемлекеттік орган жұмыскерлері, 80 мың – корпорацияларда, банктерде істейтін қызметкерлер және де 30-50 мың – басқа салада жұмыс істейтін адамдар.

Жанерке Угеубаева, Astana Hub басқарушы директоры:

2025 жылдан бастап біз осындай 14 мектеп ашуды көздеп отырмыз. Соның ішінде 7-еуі Қазақстан бойынша және 7-еуі ол Орта Азия бойынша.

Артынша Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты ой қосты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai халықаралық орталығын аймақтағы жасанды интеллектті дамытатын басты институтқа айналдыруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Alem.ai халықаралық орталығы жасанды интеллект қозғалысының темірқазығына және Қазақстанның цифрлық трансформациясының символына айналуға тиіс. Мұнда ғылыми және тәжірибелік-конструкторлық зертханалар, бағдарламалау мектебі және халықаралық технологиялық компаниялардың кеңселері орналасады. Astana Hub пен Alem.ai нағыз инновациялар фабрикасына айналуға тиіс.

Президент әсіресе экономиканың басты бағыттарына, білім беру және әлеуметтік салаларға арналған шешімдер ойлап табу қажет деп отыр. Ал ол үшін институционалдық орта қалыптастыру маңызды деді. Сондықтан жасанды интеллекті дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырды. Алайда нейрожелі деген мүмкіндік қана емес, қатері де бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мәселен, қазір жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін ақ-қарасын ажырату қиын фейктер жиі жасалады. Сондықтан жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану қағидаттарын, этикалық аспектілерін заң жүзінде бекіту керек. Сондай-ақ оның дамуы мен қолданылуы барысында ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету қажет.

Мемлекет басшысы саланың инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде де сөз қозғады. Өйткені ЖИ технологияларына заманауи есептеу қуаты керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде әлемдік нарықта есептеу ресурстарының тапшылығы сезіледі. Алдағы уақытта оған қажеттілік арта түспек. Сондықтан Үкіметке дата-орталықтар салу үшін ірі халықаралық компанияларды тартуға, сондай-ақ киберқауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған тиісті жағдай жасауды тапсырамын.

Президент қазақша тілдік модель жасауды міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз жасанды интелекті қазақша ойлауға, сараптауға және сөйлеуге үйреттік. Бұл айтарлықтай жетістік қазақ тілін цифрлық ортада дамыту үшін зор мүмкіндік береді. Басталған үлкен істі жалғастыру керек. Алдымызда түрлі сипаттағы деректерді бір мезетте қолдана алатын қазақ тілінің мультимодальды тілдік моделін жасау міндеті тұр. Үкіметке осы бағыттағы жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Ал осы орайда маңыздысы – «жасанды интеллектің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек»,- деді Президент. Сондықтан оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн екенін айтты.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу