Атырауда орталық базардан сібір жарасын жұқтырған мал еті табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда орталық базардан сібір жарасын жұқтырған мал еті табылды

06.12.2024

Атыраудағы «Дина» базарының ет сату павильонынан сібір жарасы шықты деген күдік бар. Тексеріс жүргізген мамандар оны ет кескен пышақтан анықтаған. Ахуалды баяндау үшін аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тікелей байланысқа шықты. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Жауаптылар малдың еті бұған дейін ауру таралып, 3 сиырдың өлексесі табылған «Асыл агро» базарынан әкелінді деп болжап отыр. Қазір павильон жабылып, дезинфекция жүргізілуде. Базарда жұмыс істеген 54 кәсіпкердің жағдайы толық бақылауда. «Дина» базарында аурудың нақты бар-жоғы бактериологиялық зерттеуден кейін белгілі болады. Сібір жарасы тарағалы бері қала бойынша 65 ет сату орны тексеріліп, 700 сынама алынған. Мал сойып, сататын 6 базар мен цехтар да қаралды. Қалаға кіреберісте өнім тасыған шаруалардың құжаты қатаң тексеріліп жатыр. Рұқсаты жоқтарға айыппұл салынып, кері қайтарылады. Ал бұған дейін сібір жарасын жұқтырған екі тұрғын әлі медициналық мекемеде ем алып жатыр. Олардың жағдайы бірқалыпты, деді дәрігерлер.

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу