Қарағанды облысында Сібір жарасын жұқтырған тұрғын қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында Сібір жарасын жұқтырған тұрғын қайтыс болды

27.10.2023

Қарағанды облысында Сібір жарасын жұқтырған бір адам қайтыс болды. Ем алып жатқан екі науқастың бірі ауруы асқынып бүгін жансақтау бөліміне түсті. Ал індеттің ошағы - 11 мың тұрғыны бар Топар кенті қазір қатаң бақылауда. Қауіпті инфекцияның малға қайдан жұққанын мамандар әзірге анықтай алмай жатыр. Руслан Нұрланұлы тарқатады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Топар кентінде карантиндік шаралар екі аптаға ұласады. Қазір мұндағы санитарлық бекетте эпизотиялық отряд пен полиция қызметкерлерінің жұмысы қауырт. Бұл жермен тәулігіне 1,5 мың көлік өтеді. Әзірге тәртіп бұзушылық жоқ-дейді мамандар.

Елді мекен бүгін екінші күн құзырлы орындардың бақылауында. Бекеттен өтіп жатқан әр жолаушының көлігі жіті тексеріліп жатыр.

Арман Ахметов, Топар полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

Сойылған малдың еті және де сүт продукциясы болмау керек. Осы бойынша тексереміз қатаң түрде. Басқа осы іс-шара барысында ешқандай құқықбұзушылықтар болған жоқ. Бұл енді 15 күнге жабылады.

Сібір жарасын жұқтырып ауруханаға түскен 3 адамның бірі бүгін қайтыс болды. Жансақтау бөлімінде жатқан 1948 жылғы қария қауіпті инфекциядан айыға алмады. Тағы бір науқастың хәлі түс ауа нашарлап кеткен.

Бибігүл Төлегенова, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Ем алып жатқан қазіргі уақытта екі науқас. Бір науқас 62 жастағы пациент ол Сібір жарасының тері нысаны, ауыр ағымы диагнозымен жансақтау бөліміне ауыстырылды.

Індет жұқтырған отбасымен байланыста болған тағы 30 адам анықталды. Дені көршілер.

Айгүл Тәжікова, Абай аудандық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау бөлімінің бас маманы:

Байланыста болған адамдардың үйлеріне келдік. Соның қорытынды дезинфекциялау жұмыстарын жасап жатырмыз. Үйдің ішіне обработка жасаймыз, сосын өздерінің жеке гигиеналарын сақтасын деп айтамыз.

Мамандар қатаң санитарлық шектеулер туралы тәптіштеп түсіндіріп-ақ жүр. Десе де ауыл тұрғындары алаңдаулы.

Зәуреш Серікова, Топар кентінің тұрғыны:

Барлығын білеміз. 30 адам байланыста болғанын да білемін. Оның барлығын естідік. Енді үрей болғанмен не істейміз? Ватсапқа жазып та ескертіп жатыр. Ет сатып алмаңдар деп қолдан.

Елді мекендегі төрт түлік те бақылауда. Түгел екпе салынды. Қазір мұнда 546 сиыр, 1700 қой-ешкі, 200-дей жылқы бар.

Данияр Мерғазин, Облыстық ветерианарлық инспекция басшысының орынбасары:

Қосымша тіркелген малдар жоқ. Барлық жеке ауладағы мал бастарына күнделікті термометрия жүргізіліп, вакциналау жұмыстары істелуде.

Ауырған малдың етін біле тұра далаға тастаса, індеттің таралуына жол беріп карантиндік талапты бұзса қомақты айыппұл салынады. Тіпті 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу қарастырылған.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Әзірге ауырған малға инфекция қайдан жұққаны белгісіз. Сол себепті тұрғындарға төрт түлігін жайылымға жіберуге тыйым салынған. Қазір Топарда 2,5 мыңға жуық мал бар. Барлығы қорада қамаулы тұрғандықтан, жергілікті билік тарапынан қауіпсіз аумақтан жем-шөп жеткізу қарастырылған.

Руслан Нұрланұлы


қарағандыоблысы

Хабарламаларға жазылу