Алматыдағы «Еуразия» кинофестиваліне 15 ел қатысып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы «Еуразия» кинофестиваліне 15 ел қатысып жатыр

25.11.2024

Алматыда шымылдығын түрген XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне 15-тен аса елдің киногерлері қатысып жатыр.

Шараның салтанатты ашылу кешінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Хатта Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия» кинофестивалінің үздік жобаларға жол ашатынына сенім білдірген. Биылғы байқау қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Еуразия» кинофестивалінің Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның мәдени брендіне айналған бірегей форум екенін атап өтті. Сондай-ақ отандық кино саласын жүйелі түрде дамыту, заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Диана Әшімова, «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламалық директоры:

Біз биылғы байқауға барынша кино әлеміндегі жаңашылдықты, танымал дүниелерді көрсетуге тырыстық.15 адамнан құралған қазылар алқасының 70%-ы – шетелдік сарапшылар. Олар үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Бұл фестивальдің халықаралық деңгейде мойындалғанын және оған деген қызығушылықтың артқанын білдіреді деп ойлаймын.

Халықаралық байқау 30 қарашаға дейін жалғасады. Оған үш құрлықтан 100-ден аса өтініш түскен. Комиссия халықаралық конкурс бойынша үздік 13 картинаны таңдап алған. Екеуі қазақстандық фильм. Ал түркі әлемі бойынша 9 туынды іріктелген. Оларды әр елден арнайы шақырылған киносыншылар көріп, бағасын береді.

Ли Бао Хуа, режиссер, қазылар алқасының төрағасы (ҚХР):

Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазақстан үкіметінің осындай шараға қолдау көрсетіп отырғаны мені қуантты. Қазылар алқасының мүшесі ретінде осы фестивальде үздік жобалардың тұсауы кесіліп, сапалы дүниелер көрермен назарына ұсынылады деп сенемін.

Байқаудың шымылдығы қазақстандық «Бізге дәрігер керек» фильмімен ашылды. Биылғы фестивальдың ауқымы кең. Кино майталмандарының сөзінше, «Еуразия» кинофестивалі жұртшылықты жасампаздық пен жаңашылдыққа шақыратын, адами құндылықтарды дәріптейтын тың туындыларға жол ашпақ.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу