Президент Джо Байден әкімшілігі Украинаның алыс қашықтықтағы нысандарды қирататын америкалық зымыранды қолдануына ақыры рұқсат берді. Ресей мұны жағдайды тіпті шиеленістіретін шешім деп қабылдады. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
АҚШ президенті Джо Байден Украинаның америкалық ұзақ қашықтыққа арналған ATACMS зымырандарын Ресейге қарсы қолдануына ақыры рұқсат берді. Мұны Құрама Штаттар үкіметінің өкілдері мен осы мәселемен таныс адамның сөзіне сүйеніп, «Рейтер» агенттігі хабарлады.
Дегенмен, ақпарат ресми түрде жарияланбаса да, Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеме жасап, «бұл ракета өз жайын өзі айтатынын» ескертті.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
Бүгін ақпарат құралдары біздің рұқсат алғанымызды көп хабарлап жатыр. Бірақ соққы сөзбен жасалмайды. Мұндай нәрселер жарияланбауы керек. Ракеталар өз жайын өздері міндетті түрде айтады.
Болжамдарға қарағанда, Украина америкалық қаруды Ресей аумағындағы нысандарға соққы беруге таяу күндері кіріседі.
Вашингтон бұған рұқсатты Ресей өз армиясына көмекке Солтүстік Кореядан мыңдаған жауынгер тартты деген хабардан кейін беріп отыр. Осыдан бірнеше сағат бұрын Кремль атап өткендей, Байденнің шешімі Украинадағы жағдайға Батыстың араласуын күшейтіп, шиеленісті тіпті ушықтырайын деп отыр.
Дмитрий Песков, Кремльдің баспасөз хатшысы:
Әрине, біз жарияланған ақпаратқа назар аудардық. Мұның бәрі шиеленістің жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді. Және де бұл - АҚШ-тың жанжалға килігуінің өзгеше көрінісі. Тағы бір айқын жайт сол – Вашингтондағы биліктен кетіп бара жатқан әкімшілік осы әрекетімен отқа май құю саясатын әрі қарай жалғастыратынын аңғартып отыр.
ATACMS, яғни, армияның тактикалық зымыран жүйесі – Хаймерс қондырғысынан ұшырылатын баллистикалық ракета. Ол 305 шақырым жердегі нысанға дәл тию мүмкін. Вашингтондағы Соғысты зерттеу институтының дерегінше, Ресей аэродромдарын алысқа көшіргенімен, оның жүздеген әскери нысаны осы зымыран жететін жерден әлі әкетіле қойған жоқ.
Джеймс Никси, Chatham House институтының Ресей-Еуразия және Еуропа бағдарламасының директоры:
Бұның шын мәнінде маңызы зор, егер осы ракеталар Ресей аумағындағы қамтамасыз ету желілері мен жауынгерлер жиналған жерге тиетін болса. Мұндай жағдайда Ресейдің күш жұмылдырып, шабуылдау мүмкіндігі шектелер еді. Қысқасы, бұл – үлкен қадам. Дегенмен, ол ойын ережесін өзгертетін дүние емес. Өзгерістер осы рұқсатпен бірге өзге де ұсақ-түйектер жиынтығынан тұрады.
Бірқатар сарапшылардың ойынша, енді Британия мен Франция да өздерінің Scalp, Storm Shadow зымырандарын Ресейге қарсы қолдануға рұқсат етуі мүмкін. Олар да америкалық ракета тәрізді алыс қашықтыққа арналған.
Арыстан Рысбек