Румыния мектептерінде мейірімділік пәні ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Румыния мектептерінде мейірімділік пәні ашылды

18.11.2024

Румыния мектептерінде өскелең ұрпақты мейірімділікке баулитын сабақ беріле бастады. Бұл тәсілге сәйкес сынып бөлмелерінде оқушылармен бірге үй құстары да жүруі керек.

Қарашаның қара суығында Румынияның Синдрилита ауылының мектебіне ерекше қонақтар бас сұқты – бір тауық, бір үйрек және олардың тәрбиешілері. Негізгі мақсаттары – оқу процесін жақсартып, балаларды мейірімділікке баулу.

Ралука Бэляну, жергілікті жануарларды қорғау ұйымының кеңесшісі:

Балалар арасында эмпатияны, яғни жанашырлықты күшейту өте маңызды. Жануарлар арқылы олар адамдармен қатынаста да мейірімділеу болады деп үміттенеміз. Білесіз бе, қазір мектептерде біреуді қорлау деңгейі үлкен пропорцияларға жетіп отыр.

Родика есімді тауық пен Бабблз атты үйректі балалармен таныстырған Оана Василиу. Ол – жабайы жануарларды құтқару қорының ветеринары. Айтуынша, жеткіншектерге жануарларды суреттен немесе теледидардан көрсету мен тірідей ұстатудың арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

Оана Василиу, «Visul Luanei» жануарларды құтқару қорының ветеринары:

Айырмашылық тым үлкен. Кейде жануарлардың құқығы туралы телеэкрандардан айтылып жатады. Мұндай тәсілдер балаларға эмоциональдық әсер етпейді. Оқушылар, мысалы құстарды өз көздерімен көріп ұстаса, бұның ықпалы басқаша болар еді.

Үйрек тауыққа қарағанда ширақтау көрінді. Қанат қағып, 5-шы сыныптың балаларымен ойнап, олардың алдына түсіп жүгірді. Үнсіз тауық өзін сипағандарға қарсылық көрсете қойған жоқ.

Ралука Бэляну, жергілікті жануарларды қорғау ұйымының кеңесшісі:

Бұл әдіс балаларды өзгелерді алаламай жақсы көруге үйретер еді. Мәселен біз сыныпқа бір көзі жоқ мысықты немесе абайсызда аяғынан айрылған итті кіргіземіз. Оларда физикалық кемшілік бар. Бірақ балалар осы жануарларды сол қалпында қабылдау қажеттігін түсінуі керек.

Оқушылардың бірі – 11 жастағы Ясмина Дину. Родиканы біреулердің жаралағаны оны қатты қапаланыдрған.

Ясмина Дину, мектеп оқушысы:

Егер менің тауықтарыма қиянат жасалса, бұл маған мүлде ұнамас еді. Кейбір адамдардың жануарларға жаны ашымайды, ренжітеді.

Елдің Ильфов округіндегі 20-ға жуық мектеп 5-6-шы сыныптарда алғаш рет осы мейірімділік сабақтарын өткізуге кірісті. Жергілікті шенеуніктердің ойынша,бұл жоба өскелең ұрпақты жанашырлыққа баулып қана қоймай, қорлықпен күресуге де жәрдемдесуі мүмкін. Сонымен қатар, жаңа бағдарламаны бүкіл елге тарату бағытталған амбициялық жоспар да жоқ емес.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу