Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің І форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің І форумы өтті

15.11.2024

Президент жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөз алған Қ.Тоқаев елде Қамбар ата түлігінің саны үздіксіз өсіп жатқанымен, асыл тұқымды жылқының үлесі 1 пайызға да жетпейтінін айтып қалды. Ал қазақтың төл тұқымы саналатын Қостанай жылқысы жоғалып кетудің сәл-ақ алдында тұр деді. Форумнан Данияр Қайыртайдың материалы.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ерекше қарбалас. Мұқым елден мал баққан шаруа мен жер емген диқан жиылды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумына қатысу үшін. Жан-жақтан келген делегаттар өзара таныстық орнатып әлек. Естелікке суретке түсіп үлгеріп жатқандары да бар.

Президент: Қазақстан Әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды
Екі мыңнан астам делегаттың басын қосқан форум сала қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында өтіп отыр. Әрі елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Ол науқанның кесірі аз емес. Ал пайдасы – Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналғаны. Форумда сөз алған президент осыған мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз.
Биыл қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 млн тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылда болмаған көрсеткіш. Ал жиналған күріштің көлемі 560 мың тоннадан асса, мақта – 290 мың тоннадан да көп. 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 3,2 млн тонна майлы дақыл жиналған. Бірақ көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін науқанын дер кезінде қаржыландыруда мәселе бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Егін жинау бір сәрі, екіншіден оны сату бар. Бірақ та өздеріңіз естідіңіздер Мемлекет басшысы тапсырма берді, уақытылы осының барлығын қолға алып, корпорацияға тапсырма берді тура сатып алу жұмысы басталады.
Президент: Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру қажет

Президент былтырғы Жолдауында үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға ұлғайтуды міндеттеген еді. Сол мақсатта таяу арада 116 сүт фермасы, 40 құс фабрикасы, 6 ірі қара бордақылайтын алаң мен қой-ешкі өсіретін кешен салынбақ. Ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету де – стратегиялық міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға жеткізу қажет. Ал жоғары сапалы тұқымның үлесі кемінде 15 пайыз болуы керек. Ол үшін шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн.
Президент: Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бірақ асыл тұқымды жылқының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Яғни 4,2 млн жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Қазақтың төл тұқымдарын көбейткен де маңызды. Мәселен, Қостанай жылқысы жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек.
Президент: Келешек озық технологиялы цифрлық шаруа қожалықтарында

Агроөнеркәсіпті цифрландыру да өзекті. Кейінгі бес жылда еліміздегі цифрлы фермалар саны 6 есе өсіп, 200-ден асты. Бірақ бұған тоқмейілсіп қалуға болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аталған саладағы қызметтер мен процестерді толығымен электронды форматқа көшіруді жеделдету қажет. Субсидия алу мен жеңілдіктерді пайдалану алгоритмдері фермерлер үшін барынша қарапайым және түсінікті болуы керек. Бұл туралы ақпараттардың формалары мен мазмұны барынша қолжетімді болғаны жөн.
Жыл сайын ауыл шаруашылығы автопаркін 10 пайызға жаңартып отыру міндеті және бар. Ол үшін тіпті 120 млрд тг бөлініп, техниканы 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы да басталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Қазақстанда 8 ірі бірлескен кәсіпорын, соның ішінде «Клаас» неміс концерні мен ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы табысты жұмыс жатыр. Биыл шамамен 160 миллиард теңгеге жуық қаржыға 4,5 мыңнан астам трактор мен астық жинайтын 815 комбайн (оның 107-сі «Клаас» компаниясына тиесілі) шығарылды.
Данияр Қайыртай, тілші:

Мемлекет басшысы ендігі бір міндет ретінде ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейтуді атады. Ол үшін логистиканы реттеп, қоймаларды көбейту керек деді. Ал мемлекет пен агробизнес арасындағы байланысты жақсарту үшін осындай форумды жыл сайын өткізуді ұсынды. Жиын соңында шаруалар мен диқандар Президент қолынан марапат алды.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу