Екібастұздағы МАЭС-1 стансасында электр қуатын өндіру азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы МАЭС-1 стансасында электр қуатын өндіру азайды

15.11.2024

Екібастұздағы МАЭС-1 стансасында электр қуатын өндіру көлемі азайды. Қазір 1777 МВТ беріп тұр. Себебі №3 энергоблок жұмысы мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Бұл жөнінде станцияның жұртшылықпен байланыс бөлімі жазбаша ресми ақпарат берді.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық телеарна кеше станциядағы қою түтін мұржаның жан-жағынан атқылап шығып жатқаны жайлы бейнетүсірілім көрсеткен еді. №3 энергоблок бүгін түнгі сағат 4-те электр қуатынан ажыратылды. Енді мұржа сегіз сағат бойы суытылады. Содан кейін мамандандырылған мекеме қызметкерлері мен сарапшылар ішке кіріп, қою түтіннің бықсуының нақты себебін анықтап көрмек. Станция осы жылдың желтоқсан айына дейін күрделі жөндеуден өтіп, №1 энергоблокты іске қосуды жоспарлаған еді. МАЭС-1 тәулігіне 4000 МВТ қуат өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 8 энергоблок бар. Мұржадан ақау шыққанға дейін станция 2700 МВТ қуат өндірген.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу