Электр қуатын үнемдеу басты қажеттілік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электр қуатын үнемдеу басты қажеттілік

11.09.2018

Энергия тиімділігін арттыру және қуатын үнемдеу мәселелерін шешпей, экономиканы тұрақты дамыту мүмкін емес. ҚР Парламент Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитетінің Екібастұзда өткен көшпелі отырысында осы мәселелер талқыланды. Өңірде қазір энергетикалық қауіпсіздікті қамтуға арналған жаңа технологиялар мен инновацияларды қолданудың тың әдістері игерілуде. Депуттаттар электр станцияларының қысқы маусымға дайындығын да бақылады.

Бұл «Екібастұз МАЭС-1» станциясы. Былтырғы жылы мұнда модернизациялау жұмыстары аяқталды. Соның нәтижесінде электр қуатын өндіру 7 пайызға ұлғайды. Қазір бес блок жұмыс істеп түр. Екеуі резервте.

Станислав Мисюра, «МАЭС-1» станциясы басқару орталығының ауысым басшысы:

-Қазіргі уақытта 2000 мегаватт қуат өндіріледі. Электр энергиясы тұтынушыларға  тұрақты түрде беріліп отыр. Кернеулердің деңгейін осы жерден автоматты түрде бақылап отырмыз.  Қысқы маусымға әзірлігіміз жақсы. Көмір қоры жеткілікті.

Бүгінде Екібастұзда елімізге қажетті электр қуатының 40 пайыздан астамы өндіріледі. Жиында артық энергия өндіру және оны сату мәселелері талқыланды. Алдағы жылдары энергетикалық сектор мына бағыттар бойынша дамитын болады.  

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

-Бірінші маневр жасау мүмкіндіктерінің үлесін арттыру. Екінші энергияның құнсыздану деңгейін төмендету. Үшінші энергия шығындарын оңтайландыру.

Мемлекет станцияларды заман талабына сай модернизациялауға мүмкіндік жасады. Ендігі мәселе жаңа жобаларды іске қосу. Себебі, қазіргі уақытта әлемде балама энергия өндіру қарқын алды. Бастапқы уақытта бағасы қымбат болғанымен қазір күрт арзандап отыр. Дерекке қарағанда, 2030 жылдары еліміз энергияның 50 пайызын Күн мен Желден алады. 

Бұл бағытта жаңашыл жоба дайындау үшін нақты ұсыныстар айтылды. Депутаттар бұл өзгерістерді Парламент қабырғасында талқылап, назарға алмақ.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу