Шымкентте автогазға сұраныс екі есе артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте автогазға сұраныс екі есе артты

14.11.2024

Шымкентте автогаз тапшылығы күшейіп барады. Энергетика министрлігінің 30 күнге деп бөлген отыны айдың жартысына жетпей таусылып қалып жатыр. Тапшылық салдарынан қала аумағындағы 203 газ құю стансасының дені жұмысын тоқтатты. Полиция департаментінің мәліметі бойынша, мегаполистегі 463 мың автокөліктің 66 мыңнан астамы сұйытылған газбен жүреді. Кейінгі екі жылда олардың саны 34 пайызға артқан. Алайда қала әкімдігінің сұранысы ішкі қажеттілікке сай келмей отыр. Мәселен, қазан айында 5 мың тонна автогаз бөлінсе, қарашаға 6 мың тонна ғана жоспарланған. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті осы мәселеге қатысты сыртқы талдау жүргізді.

Санат Құлбаев, қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары:

Шымкент қаласының айлық шығыны – 10 мың тонна. Бұл ретте қала аумағына ай сайын қосымша көлемде сұйытылған газ алу қажеттілігін туындатады. Себебі 2024 жылы Шымкент қаласы Энергетика басқармасымен халық саны мен көлік саны бойынша қажет көлемдегі сұйытылған газдың көлемі берілмеген.

Кәсіпкерлік палатасында өткен жиында мәселені шешу үшін бірнеше ұсыныс айтылды. Энергетика басқармасы келесі жылдан бастап Энергетика министрлігінен ай сайынғы сұранысты 10 мың тоннаға жеткізуді сұрамақ. Қала аумағын автогазбен толық қамту үшін транзиттік көлік иелеріне отынды коммерциялық бағамен сату жайы да айтылды. Сонымен қатар газ таратушы 38 кәсіпкерлік субектісіне автогазды теңдей бөлу мәселесі де көтеріліп отыр. Өйткені құзырлы орындар олардың бәсекелестік құқығы бұзылғанын айтады.

Ернар Қосбаев, қалалық Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы:

Оның себептерін анықтай келе аталмыш мекемедегі газ құю станциялары басқаларға қарағанда көбірек болған. Бірақ оған қарамастан газ көлемі аз бөлінген. Сол себепті бөлу процесінде құқық бұзушылық белгілері бар деген қорытындыға келіп, қала әкімдігінің Энергетика басқармасына хабарлама жолдағанбыз.


Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу