2019 жылдан бері созылып келе жатқан Қарағанды-Балқаш тас жолының құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Алайда қазір жолдың 173 шақырымы ғана толық ашылды. 363 шақырым тас жолға 317 миллиард теңге бөлінген. Жыл басында өңірге арнайы барған премьер-министр созылып кеткен құрылысты биыл аяқтау керектігін тапсырған. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толық жүргізілген. Бірақ 200 шақырымға жуық жолдың тек 2 жолағы ғана істеп тұр.
Еркеұлан Тойболдин, қала тұрғыны:
Мына жақпен ғана жүреміз. Екі жолақ. Баратын жеріңе басқың келеді. Қарсы бағытқа шыққын келеді. Апаттың бәрі содан болып жатыр. Жұмысы біткен сияқты еді, неге ашпай жатқанын білмейміз. Ашып берсе, жақсы болар еді.
Иә, аталған жолда апат азаймай тұр. Ондағы екі жолақты учаскелерде жүргізушілер ережені жиі бұзады. Соның кесірінен биыл 79 жол апаты болып, 47 адам қаза тапты. Бүгінде тосқауыл болатын, қардан қорғайтын және мал өткізбейтін қоршаулар салынып орнатылып жатыр. Жол құрылысының сапасы зертхана мамандарының назарында.
Айбек Амантаев, «Қазавтожол» ҰК Қарағанды облысы филиалы директорының орынбасары:
Қазіргі таңда 363 шақырым жолдың 173 шақырымын аштық. Қалғанын айдың соңына дейін ашамыз. Ауа райына байланысты жұмыстар кешігіп жатыр. Бірақ бұл асфальт төсеу жұмыстары емес.
Жандос Бақытұлы