Бакуде өтіп жатқан Дүниежүзілік климат саммитінде Мемлекет басшысы бірнеше маңызды кездесу өткізді. Түрлі ел Президенттерімен екі жақты қарым-қатынасты және ықпалдастықты тереңдету тетіктерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен екі жақты қарым-қатынасты талқылады. Фармацевтика, өнеркәсіптік машина жасау және инженерия сияқты салаларда, бірлескен жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Финляндия президенттері бір-біріне сапармен баруға келісті.
Ал Гвинея-Бисау елінің президентімен кездесуі кезінде бұл ел географиялық тұрғыдан қашық орналасқанына қарамастан, түрлі салада ықпалдастықты дамытуға мүмкіндік бар, - деді Президент. Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало екіжақты қарым-қатынастың әлеуетін талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Қазақстан Кувейтпен де жан-жақты ынтымақтастық орнатуға бейіл. Осы елдің Тақ мұрагерімен кездесу кезінде Президент осылай деді. Қазір елімізде бірқатар Кувейт компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейт Әмірі Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер Ас-Сабахты Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Мемлекет басшысы Руанда Президенті Поль Кагамемен де кездесті. Тараптар саяси және сауда-экономика салаларындағы екіжақты қарым-қатынастың даму перспективасын талқылады. Өз кезегінде Президент Поль Кагаме еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктерін жоғары бағалап, Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдің делегация басшыларымен әңгімелесті. Олардың ішінде Ұлыбритания Премьер-министрі, БАӘ, Молдова, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан Президенттері және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар бар. Кездесулер барысында әртүрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасы, жаһандық климаттың күн тәртібі, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Темірлан Нұрсолтанов