Ұйытқыған жел мен боран кешеден бері астаналықтарға қолайсыздық тудырды. Мына кадрдан қатты жел балалар ойнайтын алаңқайдағы шатырды ойыншық тәрізді ұшырып әкеткенін көруге болады. Ал бұл бейнеде елордалық тұрғын ұйытқыған желге қарсы жүре алмай келе жатыр. Күшті желдің кесірінен, ғимараттың қасбеті құлап, көлікті зақымдаған жәйттер де тіркелді.
Бұдан бөлек, табиғаттың осы тосын мінезінен травматология пункттеріне түскендердің саны күрт көбейді. Жарақат алған 140-тан астам адам дәрігер көмегіне жүгінсе, олардың 30-ы бала. Ал, мектептер онлайн оқу форматына көшті. Боран мен қатты жел көктегі сапарды да шектеді. Соңғы ақпарат бойынша, халықаралық әуежайда ұшып келетін 4 рейс кешігіп жатыр. Жалпы бүгін Астанадан 80 рейс ал, елордаға өзге қалалардан және шет елдерден 82 рейс жоспарланған.
Ұшып келу:
IQ 522 Омск – Астана;KC 7362 Түркістан – Астана;IQ 368 Қостанай - Астана;IQ 426 Қызылорда - Астана;
Ауа райы тек Астанада емес, 17 өңірде күрт бұзылды. Осы ретте, «Қазгидромет» мамандары дауылд ескерту жариялады. Бүгін Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында қатты жел соқты. Қолайсыз ауа райы ертең де сақталады. Ал Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында – жаңбыр аралас қар, тұман және көктайғақ болады деп болжайды-синоптиктер.
Аида Ахметбек