Ақтөбеде өрт сөндіру көліктеріне кедергі көп. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері оқиға орнына уақытында жете алмайды. Өйткені тұрғындар аулаларына кірер жолға тас қоршаулар қойып тастауды әдетке айналдырған. Осындай кедергілердің біріне тап болған құтқарушылар соңғы өрттердің біріне уақытында жете алмаған.
Биыл өңірде 409 өрт болып, 11 адам қаза тапты. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері әр шақыртуға дер кезінде баратындарын айтады. Дегенмен, шаһардағы кейбір үйлерге көлік жақындай алмағандықтан, уақыт жоғалтатын сәттер де болады екен.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ақтөбе қаласындағы қырық аулаға тас кедергілер қойылған. Бұл үйлерге өрт сөндіру көліктері кіре алмайды. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен полицейлер оларды алып жатыр.
Бұл қаланың шеткері аудандарының бірі. Тұрғындар мұндағы бір ауланың өзіне осындай он шақты тас қойып, жолды жауып тастаған. Олар бүгін де кедергілерді алып жатқандарға қарсылық білдірді.
Сәндібек Тілеубаев, қала тұрғыны:
Әйелді қағып кетті. Ана светофордағылар күтпейді, ауламен жүреді. Газель де, джип те. Көше болып кетеді бұл ара. Балдарды қырады не үлкендерді басып кетеді.
Дегенмен, бұл тұрғындардың өздерінің қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Өрт бола қалған жағдайда, арнайы көліктер есік алдына дейін еш кедергісіз келуі керек. Оның орнына шлагбаум орнатуға рұқсат бар.
Айбат Жаңабергенов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Тұрғындар бізбен көбіне келіспейді. Бірақ біз жергілікті полициядан бар, тұрғын үй инспекциясы бар, акиматтан бар, ережелерді көрсетіп, содан кейін ғана клеісім беріп жатыр. Тағы бір айтатынымыз – осының арқасында он шақты үйді толығымен тазаладық.
Мұндай кедергілер қойылмау қажет екені пәтер иелері кооперативтеріне де ескертілді. Мамандар жыл аяғына дейін рұқсатсыз қойылған қоршаулардың барлығын алуы тиіс.
Жақсыбек Кемал