Шымкентте Бекзат Жалал есімді жаттықтырушы балаларды спортқа баули жүріп, олардың бойына отансүйгіштік, патриоттық қасиет сіңіруде. Жас спортшылар күнделікті жаттығуда еліміздің рәміздеріне құрмет көрсетіп, соңында «Қазақстан» шоколадын сыйға алып қайтады.
Әрбір жаттығу ең алдымен осылай еліміздің Әнұранын орындаудан басталады. Гимн таспаға басылған дайын дүние емес, балалар оны бастан-аяқ өздері айтып шығады. Тек осыдан кейін ғана дене қыздыру, қарсыласқа соққы беру, қорғану әдістерін үйренуге кірседі.
Шахин Құрбанов, спорт үйірмесіне қатысушы:
Біз Әнұран айтқан кезде махаббат оянады. Жақсы көңіл күйде, сезімде боламыз. Ерекше күш береді. Намыс оянады.
Шағын ғана спорт кешенінде қазір 140 бала жаттығады. Олардың ең кішісі бес жастағы Тайсон. Салмағы шамадан тыс артып кеткеніне қарамастан күнделікті жаттығудан қалмайды. Жүгіріп көпшіліктің соңына ілесе алмаса да жаттықтырушысы оны әрдайым жігерлендіріп, қолдап қауаттап отырады. Соның арқасында Тайсон екі айдың ішінде 4 келі салмақ тастаған.
Балалардың жаттықтырушысы Бекзат Жалал кикбокстан бірнеше мәрте жүлдегер болған кәсіби спортшы. Сондай-ақ таэквандодан 2008 жылы әлем чемпионы. Жаттығу барысында өте қатал болғанымен балалар Бекзатты жақсы көреді. Әрбір қимылын қалт жібермей, тапсырмасын дәлдікпен орындауға тырысады.
Бекзат Жалал, жаттықтырушы:
Спортшы ең әуелі батыл, ержүрек болып қалыптасуы керек. Өйткені олар елдің абыройы мен намысын қорғайды. Олар бәсекелерде Туымызды көтеруге тек физикалық емес рухани да дайын болуы қажет. Сондықтан шәкірттерімді ең алдымен патриот болуға үндеймін.
Күн сайын бір жарым сағатқа созылған жаттығудың соңын балалар асыға күтеді. Өйткені оларды қанаттандыру үшін Бекзат ара-тұра оларға «Қазақстан» шоколадын сыйға үлестіреді. Тәттіге құмартқан балаларды маңына топтап, жеңіске жігерлендіреді.
Ғани Қалмаханов