Елімізде егін ору науқаны аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде егін ору науқаны аяқталды

23.10.2024

Елімізде күзгі егін ору науқаны аяқталды. Жиналған өнім жайы бүгін Үкімет отырысында талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл егістіктің орташа өнімділігі гектарына 16 центнер. Егін 23 миллион гектар аумаққа егілген еді. Күзгі жауын-шашынға қарамастан, «өнім шығынсыз жиналды» дейді министр. Ал бастырылған астық көлемі 26 миллион тоннадан асады. Егіннің бітік шығуына қолайлы ауа райы мен агротехнологияларды дұрыс пайдалану әсер еткен. Оның үстіне, диқандар тұқыммен, отынмен және тыңайтқыштармен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген. Десе де, егін егу жұмыстарына салғырт қараған шаруа қожалықтары да бар екен.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Мысалы, Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы «Агро Жер» шаруа қожалығы 5 ц/га өнімділік көрсетті. Мұндай жағдайлар барлық облыстарда кездеседі. Осыған байланысты облыс әкімдерінен агротехнологияларды сақтамайтын шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұраймын. 

Сондай-ақ Айдарбек Сапаров әкімдіктер ұсынатын деректер мен ресми статистика арасында сәйкессіздіктер де кездесетінін айтты. Сондықтан облыс әкімдіктерінен деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуді және оларды статистикаға сәйкес келтіруді сұрады. Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа елдерге де астық экспортын ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл көктемгі егіс, күзгі жиын-терін жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданды. Атап айтқанда саланы жеңілдекті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгеге жеткізілді. Келесі жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу