«HALYK IMAX KINOPARK 16» кинотеатрының 1 жылдығы тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«HALYK IMAX KINOPARK 16» кинотеатрының 1 жылдығы тойланды

18.10.2024

Жыл сайын кинотеатрларда көрсетілетін отандық фильмдердің қатары 20-30 пайызға артып келеді. Қазақстандық режиссерлардың киносына талғамы биік көрермендердің ықыласы ерек. Халықтың сұранысына орай «Кинопарк» компаниясы келесі жылы озық технологиямен жабдықталған, заманауи 50 кинозал салуды жоспарлап отыр. Алматыда компанияға тиесілі ең үлкен кинотеатр – «HALYK IMAX Kinopark 16» бір жылдығын атап өтті.

Алғашқы IMAX лазерлік залы – «Kinopark» компаниясының ерекше жобасы. «Aport East» сауда орталығында орналасқан еліміздегі ең үлкен кинотеатр. Бүгінгі салтанатты шараға жиналғандар «Kinopark»-тің 16 жылдығын айрықша форматта атап өтті.

Алмаз Малдыбаев, «KINOPARK&KINOPLEXX THEATRES» компаниясының президенті:

IMAX проектісін ашқанымызға жарты жыл болды. Бірінші күннен бастап жақсы көрсеткіштер көрсетіп жатыр. Оның экраны Орталық Азиядағы ең үлкен болып саналады. 491 орынға арналған. Өте ерекше проект болып саналады.

IMAX лазерлік залы 2D және 3D форматында әлемдік блокбастерлермен қатар отандық фильмдердің премьералық көрсетілімдерін өткізеді.Қазақстан бойынша 450 кинозал болса, оның үштен бірі «Kinopark» кинотеатрлар желісіне тиесілі. Ең озық технологиялар кешенімен жабдықталған заманауи кинотеатрларға компанияның шетелдік серіктестері де таң-тамаша.

Франц Кобер, «Cine project» компаниясының бас директоры (германия)

Менің компаниям Қазақстандық «Кинопаркпен» 15 жылдан бері серіктес болып жұмыс істеп келеді. Қазір компанияның жыл сайын дамып, өсіп жатқанын көріп келемін. «Кинопарк» әлемдегі ең озық технологиямен жабдықталған, тіпті, кейбір еуропалық кинозалдардан әлдеқайда әдемі әрі заманауи. Көрермендер үшін барлық жағдай жасалған.

Қонақтар үшін еліміздегі ең үлкен IMAX экранында «Tiger Films» продюсерлік студиясының кезекті жаңа фильмі көрсетілді. Жылдан жылға отандық кино өндірісі де, оларға деген көрермендердің ыстық ықыласы да артып келеді, дейді компания өкілдері.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу