Астана мен Алматы қалаларында акула туралы фильм көрерменге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана мен Алматы қалаларында акула туралы фильм көрерменге жол тартты

10.08.2018

«Мэг тереңдік монстры». Бұл Джейсон Стэтхем басты рөлді сомдаған шытырман оқиғалы фильмнің атауы. Бүгін Астана мен Алматы қалаларындағы «Kinopark Theatres» кинотеатрлар желісінде көркем фильмнің тұсаукесері өтті. «Кез келген көрерменді еліктіріп әкететін блокбастерді IMAX форматында тамашалау әсерді күшейте түсері сөзсіз», - дейді киномамандары.

«Мегалодон» деп ат қойылған ежелгі акуланың  шабуылы Үнді мұхитының тереңінде зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдарды қапыда қалдырды. Азуы алты қарыс алып акула батискафтағыларға ғана емес, жағажайдағы жұрттың өміріне де қауіп төндіреді.

Алтынай Қарабаева, «Kinopark Theatres» кинотеатрлар желісінің маркетологы:

- «Kinopark Theatres» кинотеатрлар желісінде «Мегалодон тереңдік монстры» атты фильмі басталады. Астана және Алматы қалаларының тұрғындары бұл фильмді IMAX форматында көре алады. Бұл формат осы фильмді ерекше сезініп, әсер алуға мүмкіндік береді.

Көзбен көріп, қолмен ұстағандай әсер қалдыратын IMAX форматы көптің көңілінен шықты. Ал, Қазақстандағы тұңғыш океанариум ұжымы акула туралы фильмнің тұсаукесеріне келген алғашқы көрермендерге тегін билет таратқаны мереке көркін қыздыра түскені даусыз.

Аяулым Ермекбаева, «Айланд» отбасылық демалу орталығының қызметкері:

- Шын акулаларды тірідей көргенде бұл фильм көрермендері тағы да бір үлкен әсер алады деп ойлаймын. Сол себепті, отбасылық демалу орталығына келе аласыздар. Бізде океанариум бар. Ол Қазақстандағы ең үлкен нысан, теңізден 3 мың км қашықта орналасқан. Рекордтар кітабына енген. Су әр күн сайын тазартылып отырады.

1 сағат 52 минутқа созылған блокбастер көрермендерді елітіп әкеткені көрініп тұр.

«Kinopark Theatres» кинотеатрлар желісі Алматы мен Астана қалаларында IMAX форматына деген үлкен сұранысты ескере отырып, Шымкент пен Ақтөбе қалаларында  тағы екі залды ашуға бел буып отыр. Аталған залдар «Аватар 2» фильмінің тұсаукесеріне орай ашылмақ.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу