Сыр диқандары 500 мың тонна күріш жинады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр диқандары 500 мың тонна күріш жинады

12.10.2024

Қызылорда облысында шаруалар егіс алқабындағы күзгі науқанды толағай табыспен аяқтады. Диқандар күріштік алқаптарды қара күздің жауын-шашынына қалдырмай орып үлгерді. Қамбаны дәнге толтырған ауыл еңбеккерлерінің тіршілігін өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп қайтты.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қырманда тау болып үйіліп жатқан мына күріш Дүр-Оңғар ауылы еңбеккерлерінің ала жаздай төккен терінің жемісі. Биыл елдімекен диқандары 160 мың тонна өнім жинаған.

Жаңажол шаруашылығының жұмысшылары күн-түн демей еңбек етіп, үш мың гектар алқапта өскен дақылды аз уақытта шашпай-төкпей жинап алды. Төлеу Жабағиев зейнет жасына шықса да әлі техника тізгіндеп, қырманда тынбай еңбек етіп жүр. Өз ісін жетік меңгерген ардагер механизатор ізінен ерген жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.

Төлеу Жабағиев, ардагер механизатор:

Кішкентай болса да көмегімізді тигізейік халыққа. Осы халықтың арқасы ғой еңбек етіп жатқанымыз. Ұйымшыл ауыл ғой біздің ауыл. Соған қалыптасқан балдар да. Соның ақрасында, жауын-шашынға қалдырмай ертерек жинап алдық.

Ірі шаруашылық биыл янтарь, лидер және жергілікті ғалымдардың шығарған Сыр сұлуы күріш сорттарын өсіріп, мол өнімге кенеліп отыр. Қазір егіс алқабында орақ біткенімен қырманда әлі қауырт тірлік жүріп жатыр. Ауылдың ырзық-несібесін арттыруға жас еңбеккерлер де сүбелі үлесін қосып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапқан.

Айдәулет Мырзабеков, шаруашылықтың озат механизаторы:

Ораққа қатыстым. Кеше комбайн айдап 18 мың центнер өнім бастырдым. Сонымен комбайнерлердің ішінде өзім үшінші орынға іліктім. Сыр сұлуы күрішінен гектарынан 54 центнерден өнім алдық. Жақсы. Күн демей, түн демей еңбек етіп жатырмыз.

Жалпы биыл облыста 85 мың гектар жерге күріш дақылы егіліп, алтын күзде диқандар 500 мың тоннаға жуық күрішті қамбаға құйды. Аймақ еңбеккерлері орташа есеппен әр гектарынан 58 центнерден өнім алды. Күріштің шығымы өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу