Мемлекет басшысы түрікмен ақынының 300 жылдығына арналған халықаралық форумға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы түрікмен ақынының 300 жылдығына арналған халықаралық форумға қатысты

11.10.2024

Әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрғанда Мақтымқұлы Пырағының рухани мұрасы айрықша өзекті бола түсті. Президент Қ.Тоқаев Түрікменстанға екі күндік ресми сапары аясында ақынның 300 жылдығына арналған халықаралық форумда осылай деді. Әрі Астанада Мақтымқұлыға, Ашхабадта Абайға қойылған ескерткіштер екі ел арасындағы мызғымас достық пен тату көршіліктің символы екенін айтты. Басқосуға Қазақстан Президентінен басқа сегіз елдің басшысы келген. Халықаралық ұйымдардың өкілдері де қатысты. Ашхабадтан тілшіміз Данияр Қайыртай толықтырады.

«Шабыт шалқыр, қайрат-жігер мұқалмас, Тасты үгітер, оны ешкім тұта алмас. Көкірек – қазы, көз – таразы, құдды алмас, Мақтымқұлы – сөйлер тілі түрікменнің». Ақын Мақтымқұлы Пырағы өзіне-өзі осылай баға берген. Ал қазір түрікмен ойшылының поэзиясындағы сарын мен пәлсапа түгел түркі дүниесінің құнды қазынасы. Шығыс шайырының 300 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар тізіміне еніп, халықаралық деңгейде тойлануы да сондықтан.

Ақын атын ұран еткен халықаралық форумға қатысу үшін Президент мінген ақ кортеж Түрікменстанның сауда-өнеркәсіп палатасының ғимаратына барды. Жиынға Иран, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения және Моңғолияның басшылары да келген. Ал Түркия Ұлттық мәжілісінің төрағасын жіберіпті.

Басқосуға «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» деген айдар тағылуы бекер емес. Әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрғанда ұлы ойшылдың рухани мұрасы айрықша өзекті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мақтымқұлы поэзиясы терең гуманистік ойларға толы. Ақын өз шығармаларында бейбітшілік, өзара сенім мен құрмет сияқты мызғымас құндылықтарды дәріптейді. Оның әр туындысында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік бар. Мақтымқұлы халықты басқа елдермен, яғни күллі әлеммен ынтымақта өмір сүруге шақырды.

Президент Қ.Тоқаев мұндай шаралар сан ғасырлық тарихы бар түрікмен мемлекеттілігін нығайта түсетініне сенім білдірді. Әрі тұрақты бейтараптық саясатының арқасында Түрікменстанның халықаралық деңгейдегі абырой-беделі арта түскенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бейтарап Түрікменстан әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға мол үлес қосуда. Сондай-ақ Орталық Азия және Каспий аймағында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялады. Бұл игі бастаманы Түрікменстан елі көтерді.

Түрікмен ақынының мерейтойы Қазақстанда да кеңінен аталып өтті. Мемлекет басшысы бұл бастамалар мәдени дипломатияны дамыта түсетінін айтты. Әсіресе, Астанада бой көтерген Мақтымқұлының ескерткіші екі ел арасындағы мызғымас достық пен тату көршіліктің символы деп бағалады.

Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті

Мақтымқұлы Пырағының сөзі өз заманына ғана арналмаған, дәуірден-дәуірге өзектілігін жоймай келеді. Ол өлеңдері арқылы бүкіл адамзатты бейбітшілік пен бірлікке шақырған.

Халықаралық форум ақын Пырағының классикалық шығармаларын дәріптеуді ғана емес, шығыс халықтарының тілі мен әдебиетіндегі байланысты зерттеуді де мақсат еткен.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу