Халықаралық байқаушылар: Референдум ашық өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық байқаушылар: Референдум ашық өтті

07.10.2024

«Референдум ашық түрде өтті». Халықаралық байқаушылар осылай дейді. Ал, шетелден келген журналистердің пайымынша, референдумда дауыс бергендердің үлесі Еуропа елдеріндегі орташа көрсеткішпен бірдей. АЭС салуға қатысты республикалық референдум кезінде 30 елден келген байқаушы, беделді ұйымдар мен 200-ден астам БАҚ өкілі жұмыс істеді.

Атом электр станциясын салу туралы өткен республикалық референдум жоғары деңгейде, ашық түрде өтті. Бұл туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясын бастап келген Леонид Анфимов айтты. Қазақстанда өткен қоғамдық науқан кезінде ұйымның 74 мүшесі дауыс беру процесін бақылаған. Олар еліміздің үш мегаполисі мен 6 облысындағы 618 референдум учаскесіне барған.
Леонид Анфимов, ТМД байқаушылар миссиясының жетекшісі, тмд бас хатшысының бірінші орынбасары:
Біз ұлттық байқаушылармен сөйлескен кезде олар дауыс беру кезінде азаматтар тарапынан, комиссия мүшелері мен өзге де байқаушылардан ешқандай шағым болмағанын айтты. Менің әріптестерім де осындай пікірде. Қорыта айтқанда, референдум Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңына сай өтті. 24 азамат қоғамдық науқан кезінде қоғамдық сауалнама жүргізу тәртібін сақтамағаны үшін, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Халықаралық ұйымдардың миссия мүшелері де Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумның өту барысын бақылады. Нақтырақ айтсақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 13 өкілі мониторинг жұмыстарын жүргізген. Олардың айтуынша, дауыс беру учаскелерінде барлық жағдай жасалған және мүмкіндігі шектеулі жандардың жайы да ескерілген. Ал 24 учаскеде бақылау жүргізген Түркі мемлекеттерінен келген ұйым өкілдері дауыс берушілердің құқықтары толығымен сақталғанын атап өтті.
Сади Джафаров, Түркі мемлекеттері ұйымының миссия басшысы:
Түркі мемлекеттері ұйымының байқау миссиясы референдумның Қазақстан заңнамасына және халықаралық стандарттарға cай ашық өткенін растайды. Бұл референдум – стратегиялық мәселелер бойынша қоғаммен үздіксіз диалогты сақтауға деген ұмтылысын көрсететін маңызды оқиға. Миссия қазақстандықтарды референдумның сәтті өтуімен құттықтайды.
Референдумда дауыс бергендердің үлесі Еуропа елдерінедегі орташа көрсеткішпен бірдей. Демек, халықтың бұл мәселеге қызығушылығы жоғары. Референдумда хабар таратқан шетелдік журналистердің пайымы осы. Айта кетейік, референдум күні әлемнің 37 елінен 200-дей шетелдік БАҚ өкілі хабар таратты. Байқаушылармен де тілдесіп, пікірін білген едік. Олардың арасында былтыр өткен парламент сайлауында болғандар да бар.
Матиас Кохан, журналист /Венгрия/:
Мен Астана мен оның маңында орналасқан ауылдағы дауыс беру учаскелерінде болдым. Меніңше, бұл референдум елді демократияландыру үшін өте маңызды. Қазақстан бойынша дауыс беруге келгендердің үлесі 60 пайыздан асқандығы Еуропа елдеріндегі орташа көрсеткішпен бірдей. Бұл тақырыптың халыққа қызық екенін көрсетеді.
Айта кеткен жөн АЭС салу бойынша референдумда 7 820 284 азамат өз таңдауын жасады. Бұл дауыс беруге құылы азаматтардың 63 пайыздан астамы. Соның 5 миллионнан астамы АЭС салуға келісімін берсе, 2 миллионнан астамы қарсылық білдірген.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу