Президент: Мәслихаттар мен әкімдіктер үйлесімді жұмыс істеуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Мәслихаттар мен әкімдіктер үйлесімді жұмыс істеуі керек

03.10.2024

Мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формалды түрде өтеді. Бүгін мәслихат депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйлеген мемлекет басшысы жергілікті депутаттардың жұмысын осылай сынға алды.

Оның айтуынша, аймақ жұртшылығының мұң-мұқтажы үнемі мәслихаттың назарында болуы тиіс. Саяси реформалардың нәтижесінде қазір депутаттардың құзыреті кеңейді. Тек аянбай еңбек ету керек. Ол үшін жергілікті депутаттардың біліктілігін арттыруды тапсырып, мәслихаттар мен әкімдіктерді үйлесімді жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктердің жұмысын беталды сынайтын азаматтарға қатысты да айтты.

Оның сөзінше әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп тым артық кететін әсіребелсенділер де бар деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу